Қазақстан Бас прокуратурасы 9 шілде күні Ақтөбе облысындағы автобус өртіне қатысты қылмыстық іс сотқа берілгенін хабарлады. Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өрті ісі бойынша бес адам айыпталушы деп танылған. Олардың үшеуі — автобус жүргізушілері, екеуі — «Азия транзит сервис» фирмасының жұмысшылары — құрылтайшы мен механик.

Бас прокуратура фирма құрылтайшысын заңды тұлға ретінде өз міндеттемесін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады деп айыптайды. Ал механик ақауы бар автобусты жолға шығарды деп айыпталып отыр.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент — Самара тас жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-і қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.

Оқи отырыңыз: Комиссия: Өрт құрбандарының кім екенін анықтау қиын

Ресми тұжырым бойынша, өрт автобус ашық жанатын бензин құралымен қыздыра бастағанда шыққан. Жүргізушілер көлік құралын пайдалану ережесін бұзды деп айыпталып, 24 қаңтарда ұсталған. 26 қаңтарда Ақтөбе облыстық соты оларды екі айға қамаған, кейін қамау мерзімі ұзартылған.

«Сот автобус жүргізушілерін қамауда ұстауға санкция берді, серіктестік жетекшісі мен механигіне кепіл төлеу түрінде бұлтартпау шарасы белгіленді» делінген прокуратура хабарламасында.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.