Семейлік атқамінерлердің ісі қарапайым халықтың күнделікті өмірінен алшақтап кеткендей әсер қалдыратын көріністер аз  емес. Соның бір мысалы — жыларман күйдегі жерасты жолдары. Қымбат көліктерімен көше кезіп жүретін шенеуніктер бір сәт жаяу жүрсе басқалар аяушылықпен қарайтындай сезіне ме, қайдам, әзірге қаланың көлеңкелі тұстарын көруге құлқы жоқ.

Семейлік шенеуніктер "жер астына" қашан түседі?

Анығын айтқанда, қала орталығында орналасқан Шәкәрім даңғылындағы, Қайым Мұхамедханов көшесіндегі және 72 квартал аумағындағы жер асты жолдарынан түн түгілі күндіз өтуге дәтің бармайды. Үлкен көшелердің қарсы бетіне өту үшін еріксіз жер асты жолымен өтетін қала тұрғындары амал жоқ, қолқаны қабар иісті құшырлана жұтып, одан қалса, көше әншілерінің «концертін» тамашалап, қайыр сұраған тіленшілерге де тиын тастап өтуге мәжбүр. Одан қалса, әлсіз жарық, шашылған қоқыстар, босаған ыдыстар қадам басқан сайын балақтан ала түседі.

Семейлік шенеуніктер "жер астына" қашан түседі?

Жалпы, Семейде 8 жер асты жолы бар. Оның дені көпшілік жиі пайдаланатын орталық аумақта. Мәселен, Қабанбай батыр көшесіндегі орталық базардың іргесінен «жетелейтін» жер асты жолының да жетісіп тұрғаны шамалы. Сенбі-жексенбіні былай қойғанда жай күндері де осынау жол қалың жүргіншіден бір босамайды. Мұндағы жер асты жолын жалға алып, сауда жасап отырғандар да бар.

Семейлік шенеуніктер "жер астына" қашан түседі?

-Бұл жерде барлығымыз да орынды әкімдіктен жалға алып, 20 жылдан бері тұрақты пайдаланып отырмыз,-дейді жеке кәсіпкер Ләйла Сатыбалдиева.- Менде ай сайынғы жалға алу құны – 48 мың теңге. Баспалдақтың жолынан орын алғандардың төлейтіні – 25 мың теңге шамасында. Жер астына тартылған жарық пен дабыл қоңырауы, тағы да басқа қызметтер үшін жалпы жиыны шығынымыз 100 мың теңгеге дейін шығады.

Кәсіпкердің айтуынша, әкімдік енді өту жолындағы сынған, кетілген тұстарды, шұңқырларды тегістеуді де сұрап отыр. Яғни, жер асты жолын күтіп ұстау жалға алған кәсіпкерлердің міндетінде болады.

Семейлік шенеуніктер "жер астына" қашан түседі?

Хош, делік. Бұл жер асты жолы кәсіпкерлердің жалға алуының арқасында жөнге келер. Ал Қ. Мұхамедханов көшесіндегі жер асты жолы жаңбыр жауған сайын суға толып кететіні жұртты ығыр еткелі қашан. Алаңсыз аяңдап төмен түсіп келе жатқан тұрғындар алдарында өтпе жол емес, терең көл жатқанын көргенде еріксіз кері қайтып жаяу жол іздеп әуреге түседі. Дәл орталықтағы Шәкәрім даңғылында орналасқан жер асты жолының қараудан қалғанына сылағы түсіп, кірпіштері көрініп тұрғаны дәлел. Ара-тұра өтсеңіз бұл жерде көше әншілерінің «концертіне» куә болуға тура келеді. Жалбырап тұрғаны жарық сымдары қорқынышты көрінеді. Одан қалса, әлсіз жарық бірінде бар болса, бірінде жоқ.

Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Аян Бегалованың айтуынша, қаладағы 8 жерасты жолының 4-і жалға берілген.

-Мұхамедханов көшесіндегі жер асты жолының жаңбыр жауса, суға толып өтуге кедергі келтіретіні рас. Оның себебін анықтау оңай болмай отыр. Әзірге шамалауымызша, сол тұспен өтетін кәріз трубалаларының бірінде тесік пайда болған сияқты. Оны табу үшін қазу жұмыстарын жүргізу керек. Су көтерілуінің өзгеше себебі бар ма, жоқ па, әлі де анықтау үстіндеміз. Жерасты жолдарының күтімін дұрыстау, кемшін тұстарын жөндеуге әзірге бюджеттен қаражат жетпей жатыр,- дейді А. Бегалова.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.