FIFA Украинаны мадақтаған футболшыға ескерту жасады

29


Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) тәртіптік комитеті Хорватия футбол құрамасының қорғаушысы Домагой Видаға Хорватия құрамасы футболдан әлем біріншілігінің жартылай финалына шыққан соң Украинаның атына мадақ айтқаны ескерту жасады.

Тәртіптік комитет Хорватия құрамасы Ресей құрамасын жеңгеннен кейін «Украина жасасын» деп айқайлаған видеосын зерттеген. Виданың Хорватия құрамасының киім ауыстыратын бөлмесінде айтқан сөзі спортшыға сай келмейтін әдеп, әділ ойын принципіне қайшы әрекет деп бағаланған.

Бұған дейін FIFA-ның тәртіптік кодексінің 54-бабына сай, Хорватия құрамасының мүшелері екі ойыннан шеттетілуі немесе айыппұл салынуы мүмкін екені айтылған еді.

Футболшының өзі видеоға қатысты комментариінде тек әзілдемек болғанын айтты. «Ешқандай саясат жоқ. Бұл — қалжың. Киевтің «Динамо» клубында ойнаған кезде тапқан достарым бар. Одан басқа ешнәрсе айтқан жоқпын. Футбол мен саясатты араластырғым келмейді. Орыстарды, украиндықтарды, бразилиялықтарды, барлығын жақсы көрем» деді Вида. Хорватия футбол одағы құрама ойыншыларын футбол біріншілігі кезінде саяси астары бар деп бағалануы ықтимал екіұшты пікір айтпауға шақырды.

7 шілдеде Хорватия құрамасы ширек финалда Ресей құрамасын жеңіп, жартылай финалға шыққан. Хорватия құрамасы 1998 жылдан бері әлем біріншілігінің жартылай финалына шыққан емес.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.