Президентке 300 рет ашық хат жазған Ана

1048

Алматы облысы Көксу ауылында тұратын Бекешева Нұргүл Жарылғапқызы – сегіз баланың анасы. Қазір де кейуана «Ардақты Ана» болса да «Алтын белгіні» ала алмай отыр. Бұл туралы ол республикалық «ДАТ» газетіне жариялаған мақаласында айтты. Тіпті, ол онда 1998­­–2018 жылдар аралығында президенттің атына 300 рет ашық хат жолдағанын, алайда осыншама арыз-тілектің  бірде-біріне оңды жауап болмағанын жеткізді.

Нұргүл Бекешеваның айтуынша, осы уақыт аралығында көрген құқайы да айтып тауысқысыз. Ең өкініштісі, ақ жаулықты Анаға қысым жасаған әкім-қаралар да адыраңдай жүріп ауысып кеткен. Кезінде осы қиянатты істі сотқа беріп те көріпті. Нәтижесінде сотқа арызданушы тұлға ретінде 2 пайыз көлемінде төлем төлеу керек болады.  Ал оған қамырықты Ананың қаражаты жетпейді.

-Жасым 74-ке келді. Күйеуім Сәрсенбектің жасы 81-де. Ұлым Қыдырбекті еш жерге жұмысқа алмайды… 2003 жылдан бастап мен 37 рет сотқа тартылдым. Менің 600 қой, 17 жылқы, 43 сиыр, 9 техникам бар еді. Барлық мүлкімнен айырылдым, – дейді Нұргүл Жарылғапқызы.

Күйеуі Сәрсенбек Жақсыбеков 1965-1970 жылдар аралығында «Қызылжар» совхозының құрылып, салынуына көп еңбегін сіңіреді.  1970-74 жылдар аралығында Көксу ауданында «Көксу» су қоймасының салынуына да тікелей атсалысқан. 2000 жылы зейнетке шығады. Сол кезде су шаруашылығының басшысы М. Құрманғалиев зейнетақы қорына төлем аудармай, нәтижесінде төмен мөлшердегі зейнетақыға ие болады.

«Көксу» су қоймасы демекші, сол уақытта С. Жақсыбеков аталған нысанның аумағын тастан арылтып, 200 түп Алматы апортын егеді. 2003 жылы жеміс ағаштары алғашқы өнімін бере бастағанда сол кездегі аудан әкімі Сайлау Базылов бастаған топ ағаштарды жойып жібереді.

Сегіз баланың анасы бұдан әрі бағып, өсіріп отырған іріқара малын да аудан әкімінің орынбасары Мәлік Бейсеновтың вакцина салдырып, қырып тастағанын, отағасының да қолдағы жер актісіне  бола Нүкен Керімбеков деген азаматтың қолынан екі рет соққыға жығылғанын баяндайды.

Осы ретте, 2016 жылы республика бас прокурорының көмекшісі А. Кравченкоға басынан өткен жайды баяндап бергенін, одан да ешқандай нәтиже шықпағанын айтқан Ана жанайқайының барлық БАҚ өкілдері арқылы ел президентіне жетуін үміт етеді. 

Фото: zakon.kz

Қозыбай ҚҰРМАН, Алматы облысы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.