Астана әкімі Әсет Исекешов шілденің 9-ында құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездесті. Кездесуге қатысқан кей үлескер мәселелерінің «шешілетін түр барын» айтса, кей үлескердің кездесуге көңілі толмайды.

Үлескерлерді әкімдікке аса сақтықпен өткізді. Таспаға басып алар құрал-жабдыққа мұқият қарап, смартфондарды сыртта алып қалды. Журналистер де жиынға кіре алмады. Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева БАҚ өкілдерінің жиынға қатысуына «кей үлескерлер қарсы болғанын» айтты.

— БАҚ-қа шығып жатқан сұқбаттар бір топты қанағаттандырса, бір топты қанағаттандырмай жатыр. Сондықтан қате пікірлер болмас үшін, бүгінгі кездесуді ешқандай БАҚ-сыз, әкім мен үлескерлер арасында ғана өткізуді жөн көріп отырмыз, — деді Жүргенбаева.

Бір сағатқа созылған жиында уәделі баспанасын талап етіп аштық акциясын ұйымдастырған «Комсомол» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де болды. Кездесуде пәтерлерді «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салып біту мәселелері қаралды.

Шілденің 3-і күні бір топ үлескер «Орда инжиниринг» компаниясының жұмысты кешеуілдетіп жатқанына қарсылық танытқан еді. Жергілікті билік шілденің басындағы бұл наразылықты «заңсыз» деген. Үлескерлердің бірнешеуі әкімшілік айыппұлмен жазаланған. Ал бүгінгі жиыннан кейін үлескерлер мәселелерінің «шешілетін түрі барын» айтады.

«Комсомол» тұғын үй кешенінің үлескері Гүлмира Смағұлова өздерінің «Орда Инжинирингке» қарсы болғанын, бүгіннен бастап тұрғын үй кооперативтері «Елорда құрылыспен» тікелей шартқа отыратын болғанын айтты.

Эльвира Жүргенбаеваның айтуынша, үлескерлердің мәселесі бір күнде шешіліп кетпейді.

Ресми дерек бойынша, Астанада құрылысы бітпей жылдап кешіккен 53 тұрғын үй кешені, уәделі баспанасына жете алмай жүрген он мыңға жуық үлескер бар.

Жыл басында жергілікті билік құрылысы кешеуілдеген үйлерді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салып бітетінін мәлімдеген. Тұрғын үй кешендерінің құрылысын әкімдікке қарасты «Елорда құрылыс» компаниясы салып бітпек.

Жылдап кешеуілдеп жатқан құрылыс нысандарын бітіруге мемлекеттен қырық миллиард теңге бөлінетіні көктемде белгілі болған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.