Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері заңға бағынғылары келмейді

521

Қызылорда облысында биылғы жылдың І-жарты жылдығында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында әкімшілік құқық бұзушылыққа ең көп жол берген ауыл шаруашылығы саласы болып отыр. Мұндай мәліметті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мамандары жариялады.

Арнайы жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде заңды елемейтін азаматтар анықталып, оларға тиісті шара көрілді.

Қызылорда ауыл шаруашылығының арқасында әлеуетін арттырып отырған аймақ. Жергілікті тұрғындар үшін өте маңызды сала.  Мұндағы жұрттың басым көпшілігі төрт түлігін баптап, дәнді-дақыл өсірумен күн көреді. Соған қарамастан, ауыл шаруашылығы саласында өз міндетіне ат-үсті қарайтын мамандардың жұмысы сын көтермей тұр. Мәселен, Жалағаш аудандық ветеринария бөлімінің қызметкерлері «ветеринариялық анықтаманы» тиісті мерзімде бермеген. Тәртіпті бұзған Аққұм ауылдық округінің ветеринар дәрігері Т.Абажановқа пен Мәдениет ауылдық округінің ветеринар дәрігері Г.Жунисовқа сот тәртібімен қызмет көрсету мерзімін бұзғаны үшін 101 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Дәл осы ауданның Мақпалкөл ауылдық округінің ветеринар дәрігері Ж.Каипованың әрекеті тіптен сорақы. Жауапты маман кәсіпкердің стандартта көзделген өтініші мен жеке куәлігі болмасада рұқсат құжатын рәсімдеп берген. Сот тәртібімен мал дәрігеріне 50 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Маусым айының өзінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 4 лауазымды тұлғаға қатысты 6 әкімшілік хаттама толтырылып отыр. Бұл аталмыш салаға қатаң бақылау қажет екендігін көрсетеді. Департамент алдағы уақытта да осы мәселені назарда ұстамақ. Айыппұл салынып, жазаға тартылған мамандарға ескерту берілді» – дейді Департаменттің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғалым Ілкібаев.

Фото: zhasalash.kz

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.