Джереми Хант Ұлыбритания сыртқы істер министрі болды

20


Ұлыбританияның жаңа сыртқы істер министрі болып бұған дейін Дэвид Кэмерон мен Тереза Мэй үкіметтерінде денсаулық сақтау министрі болған Джереми Хант тағайындалды.

51 жастағы Джереми Ханттың тағайындалғанын премьер-министр Тереза Мэй жариялады. Бұған дейінгі сыртқы істер министрі Борис Джонсон Тереза Мэйдің Ұлыбританияны Еуропа Одағынан шығару саясатымен келіспей отставкаға кеткен. Хант Еуропа Одағынан толық ажырауды қолдайтын Джонсон сияқты емес, Brexit-ке қарсы шыққан.

9 шілдеде Ұлыбританияның Brexit мәселелері бойынша министрі Дэвид Дэвис пен оның орынбасары Стив Бейкер Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу саясатына көңілі толмай отставкаға кеткен. Дэвистің орнына Доминик Рааб тағайындалған.

Ұлыбритания үкіметі 6 шілдеде Лондонның Брюссельмен келешек келіссөзіндегі ортақ ұстанымын мақұлдаған. Оның қорытындысында Тереза Мэй Ұлыбритания ЕО-мен еркін сауда аймағын құруды қолдайтынын жариялаған. Борис Джонсон бұл ұстаныммен келіспейтінін білдірген. Оның пікірінше, Brexit саясатты өзгеше жүргізуге, Ұлыбританияның артықшылықтарын барынша тиімді және ұтымды пайдалануға берілген мүмкіндік ретінде пайдаланылуы тиіс.

Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу туралы референдум 2016 жылы өткен. Brexit-ті британдықтардың 52 екі пайызы қолдаған. Лондон Еуропа одағынан шығу жұмыстарын 2017 жылдың маусымынан бастаған. Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы 2019 жылдың 29 наурызына жоспарланған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.