Таиландтың солтүстігінде су басқан үңгірде қалып қойған балаларды құтқару штабының басшысы Наронгсак Осоттханакон жасөспірімдерді құтқару операциясының үшінші әрі соңғы кезеңі басталғанын хабарлады.

Құтқарушылар Кхао Луанг үңгірінде қалып қойған жергілікті футбол командасында ойнайтын төрт бала мен олардың 25 жастағы жаттықтырушысын эвакуацияламақ. 19 сүңгуір үңгірге жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да түсті.

Құтқарушылар 8 және 9 шілде күндері үңгірден сегіз баланы алып шыққан.

Операцияға басшылық жасайтын Наронгсак Осоттханакон жаңбыр әлсін-әлсін нөсерлетіп тұрғанымен, үңгірдегі су деңгейі бір қалыпты екенін және құтқару операциясын жүргізуге болатынын айтады.

Маусымның 23-і күні Таиландтың Чианграй провинциясындағы үңгірлер кешенін зерттеуге барған 12 жасөспірім ұл мен олардың бапкері қатты нөсер салдарынан қайтар жолды су басып қалғандықтан кері шыға алмай қалған. Жұма күні оларды құтқару операциясына қатысып жатқан бұрынғы әскери сүңгуір қаза тапқан.

Таиланд билігі бұған дейін құтқару операциясына әлемнің әр елінен, негізінен Еуропадан келген сүңгуірлерлер қатысып жатыр деп мәлімдеген. Үңгірден су басқан жолмен шығатын әр баланың жанында екі дайвер бірге болады деп хабарланған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.