Бірнеше күннен бері Қызылорда қаласына қарасты Титов мөлтек ауданындағы бес қабатты екі тұрғын үй халқы судың зардабын тартып отыр. Аптаған ыстықта тіршілік нәрінен қысылған жандардың жергілікті шенеуніктерге деген ашу – ызалары қара қазандай. Ал, құрғақ уәде беруден шаршамайтын жауапты мамандар болса, мәселе қатаң бақылауларында екенін айтып ақталады.

Қызылордалықтар ауыз сусыз отыр

«Бұл үйге осыдан жарты жыл бұрын көшіп келдік. Апатты баспанамыздың орнына берді. Қыста су ақты. Күн жылығаннан кейін су екінші қабаттан жоғары мүлдем көтерілмейтін болды. Бұл не деген масқара? Күндіз ақпаса да, түнде ағатын. Ал екі күннен бері түнде де ақпайтын болды. Біз сонда мынандай ыстықта қалай күн көреміз? Біздің мәселемізді шешуге шенеуніктер неге құлықсыз. Бөтелкедегі суды сатып ала беретін мұндағы халықтың шамасы жете бермейді. Туыстарымыздан тасып жүрміз», — деп ашынады қала тұрғыны Алмат СҮЙІНДІКОВ.

Судың уақытылы ақпауынан жергілікті халық әбден әбіржіп кеткен. Бірнеше мәрте арызданып қала әкімдігіне де барыпты. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ. Мәселе ушығып бара жатқаннан болу керек, кеше түнде су тасушы көліктер келіп, тұрғындарға су таратып кетіпті.

«Қаншама халық тұрады мына жерде. Екі көлік келді. Ай күннің амандығында суға таластық. Балаларымыбен жүріп шелек пен бөтелкелерге су толтырдық. Әбден мазамыз кетті. Мен өзім екінші қабатта тұрамын. Үйіме су көтерілмейді. Бесінші қабатта тұратындардың жағдайы айтпаса да түсінікті шығар.  Пәтерлерімізге күру тіпті мүмкін емес. Суға шомылудан, дәретханаға шығудан қалдық», — дейді тағы бір қала тұрғыны Анар КҮЛТАЕВА.

Мәселенің мәнісін білу мақсатымен Жас Алаш тілшісі «Қызылорда су жүйесі» МКК мекемесінің директоры Тілеуберген ҚАНЫБЕТОКЕ хабарласты.Жауапты маман әуел баста баспанаға судың дұрыс тартылмағанын жеткізді. Яғни, құбыр сол аумақтағы жер үйлерге жалғанған екен. Ал, олар бақшаларын суарғанда, қысым төмендеп, көпқабатты үйге жетпей қалатын болып шықты. Сала басшысы қазір осы олқылықтарды жою үшін тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты. Алайда тұрғындардың «үйімізде су жоқ» деген шағымымен келіспеді.

«Су бар. Кім айтты су жоқ деп. Бар ғой су. Кеше жұмыс жасап жатқан кезде ажыратқан болу керек.   Мердігер мекеме ертең жұмысты бітіреді. Қосып береді сол кезде», — деді Тілеуберген Қаныбетов.

Осылайша, тұрғындар «су жоқ» десе, басшылар «су бар» деп ақталады.

Қызылордалықтар ауыз сусыз отыр

Фотолар мен видео автордікі.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.