Ақтөбеліктерге ағылшын тілін үйретуге келген Нигерия азаматы еліне қайта алмай жүр. 34 жастағы Манас ОГАРАЙОНЫҢ Ақтөбеге келгеніне екі айға жуықтапты. Айтуынша, Қазақстанға ақша табамын деп келіпті. Ғаламтордан ағылшын тілінен дәріс беретін адам керек деген хабарландыруды көріп, жұмыс берушімен хабарласып, Нигериядан Ақтөбеге жолға шығады. Алайда, ақшаға қарық болам деп келген жігіттің жоспары  бұзылған.  Алыстан ат арытып келгенде, жұмыс беруші  ұсынысынан айнып, тараптар келісе алмайды. Сөйтіп амалы қалмаған шетелдік жігіт басқа жұмыстың ретін қарастырыпты. Бірақ, екі қолға бір күрек табылмай, сандалып жүргенде  құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Сөйтіп, теміржол вокзалы маңында жүрген жерінен полицейлердің көзіне түскен.

«Бұл жігітті анадайдан көзім шалды. Аз-маз ағылшыншаммен не істеп жүрген адам екенін, қайдан келгенін сұрастыра бастағанымда, Манас  барлығын жайып салды. Айтуыша, бір компания жұмысқа шақырыпты. Артынан келісе алмай қалған. Сөйтіп жүргенде, Қазақстанда болуға рұқсат беретін құжатының мерзімі біткен. Бұл жігіт заңнаманы дұрыс білмеген соң, уақыт өткізіп алыпты. Өзі отбасының жалғыз асыраушысы екен. Ұлының осындай жағдайға түскенін естігенде әкесі уайымдап, ақыры құсадан қайтыс болған. Енді жалғыз әпкесі төсек тартып қалыпты. Жағдайының бәрін сұрастырып білгеннен кейін, қолымнан келгенше көмектесуге тырысып жүрмін. Құзырлы органдар шетелдік азаматтың жағдайына түсіністік танытып, тезірек еліне қайтарса деген тілек — менікі», — дейді Бауыржан МОЛЫШЕВ.

Бауыржанның айтуынша, нигериялық азаматты қайырымды меценат өзінің хостеліне тегін орналастырған. Ас-суын да беріп отырған солар екен.Манас Огарайоның жағдайынан көші-қон басқармасындағылар да хабардар.

«Нигериялық азамат біздің еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің «517 «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.  Қазіргі таңда  облыстық ІІД көші-қон  қызметінің қызметкерлері осы мәселемен айналысуда»,- деді Атқөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат САРҚҰЛОВ.

Манас Огарайо болса, тезірек үй-ішіне жетуге асығып отыр.

«Сыртта  жүргенімде әкем қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне де бармадым. Тезірек туған-туыстарыммен қауышқым келеді.Нигерияма қайтарсыншы, өтінем!»,- дейді ол.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.