Грекия Ресейдің екі дипломатын елден шығарады деп хабарлады грекиялық Kathimerini газеті. Тағы екі ресейлік дипломаттың Грекияға кіруіне тыйым салынған.

Журналистердің мәліметінше, Афина ресейлік дипломаттарды Грекияның көршілес Македониямен осы ел атауына қатысты жасасқан келісімін бұзбақ болды деп айыптайды. Геркия билігі дипломаттардың бұл әрекетін елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп бағалайды.

Грекия өткен айда Македониямен осы ел атауын Солтүстік Македония деп өзгертіп, екі ел арасындағы ондаған жылға созылған дауға нүкте қоятын келісім жасасқан. Келісім іске асса, Македонияның НАТО-ға қосылуына жол ашылады. Македония орналасқан Балқан түбегіне Ресей мен НАТО өз ықпалын орнатуға ұмтылып келеді. 

Грекия үкіметінің ресми өкілі Димитрис Цанакопоулос 11 шілдеде басылым ақпаратына берген комментариінде Афинаның «халықаралық құқықты бұзудың кез-келген әрекетіне төзе алмайтынын» мәлімдеді. 

Басылым персона нон грата деп жариялаған ресейліктің бірін Владимир Яковлев деп атады. Бірақ Ресей елшілігі сайтындағы дипломаттар тізімінде мұндай адам жоқ.

 

Ресей Сыртқы істер министрлігі ресейліктердің қуылуына байланысты жауап шараларын жасайтынын мәлімдеді. Ресей сыртқы барлау қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.