Латвия Ригада Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусиннің ұлы Асылбек Мусиннің өліміне қатысты тергеуді тоқтатты деп хабарлады Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне (СІМ) сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері. Министрлік Латвия қауіпсіздік органдарына сілтеп, қылмыстық істің «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан» жабылғанын мәлімдейді.

БАҚ мәліметінше, латвиялық тергеушілер Асылбек Мусиннің өзіне қол салуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазақстандық БАҚ бұған дейін Латвия полициясына сілтеме жасап, Мусиннің көп қабатты ғимараттың терезесінен құлап қайтыс болғанын хабарлаған. Әрқилы мәлімет бойынша, оқиға 2017 жылы желтоқсанның 23-і әлде 24-іне қараған түні болған.

Аслан Мусин президент әкімшілігін 2008-2012 жылдары басқарды. Бұл қызметтен соң ол республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын есеп комитетінің басшысы болды. 2014 жылы Қазақстанның Хорватия, Босния және Герцеговинадағы елшісі болып тағайындалды. 2017 жылы қаңтарда зейнет жасына шығуына байланысты бұл қызметінен босады.

Тұрақты видео сұхбаттар берген Асылбек Мусин Қазақстанда «Ізгі амал» қоғамдық ұйымының жетекшісі ретінде белгілі болған. Бұл ұйымның өкілдері Құранды исламдағы жалғыз қайнар көзі санайды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.