Тәжікстанда журналист Хайрулло Мирсаидов 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Худжанд қалалық соты Мирсаидовты «мемлекет қаржысын жымқырып, теріс мақсатта пайдалану, полицияға жалған хабар жеткізу» баптары бойынша айыпты деп таныды.

Мирсаидов былтыр желтоқсанда Худжандта ұсталған. Ол «ақша жымқырды, қолдан құжат жасады, полицияға жалған хабар жеткізіп, этникалық және діни алауыздықты қоздырды» деп күдікке ілінген.     

Журналист өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, «сотқа үкіметтегі жемқорлық жайлы сыни ақпарат таратқаны үшін тартылғанын» айтқан. Оның қорғаушылары үкімді «әділетсіз» деп санайтындарын, шешімді аппеляцияға беретінін хабарлады.   

Тәуелсіз журналист Хайрулло Мирсаидов бұрын «Азия-Плюс» және германиялық «Неміс толқыны» радиоларында тілші болған. Сондай-ақ ол – Тәжікстан ұлттық КВН құрама командасының жетекшісі.

Журналист ісі халықаралық ұйымдардың назарын аударды. Amnesty International құқық қорғау ұйымы оны «ойын еркін айтқаны үшін абақтыға жабылған ар-ождан тұтқыны» деп бағалады. Ал Нью-Йорктегі журналистерді қорғау ұйымы (CPJ) «Мирсаидов секілді журналистер дәлелсіз айыппен түрмеге тоғытылмай, қызметі үшін лайықты құрметке бөленуі тиіс» деп жазды.

Былтыр желтоқсанда — қамаларынан бір апта бұрын Мирсаидов президент Эмомали Рахмонға, бас прокурор Юсуф Рахмонға және Соғды облысының губернаторы Абдурахмон Кодириға хат жазып, жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін жергілікті шенеуніктерге шара қабылдауды сұраған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.