Қызылордада кәсіпкерлерден ақша бопсалап, пара алған шенеуніктер жазаға тартылды. Екі бірдей әкім кәсіпкерлерді пара беруге мәжбүрлеген. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Қалалық №2 сотында Қызылорда қаласы іргесіндегі Белкөл кентінің бұрынғы әкімі мен оның экономисіне қатысты үкім шығарылды. Сотталушылар өздеріне көмек сұрап келген кәсіпкерден мәселесін шешу үшін ақша алған екен.

Оқиға 2018 жылдың 4 сәуірінде орын алған. Белкөл кентінің тұрғыны бизнес ашу үшін әкімдіктен жер сұрап барған. Мұндағы атқамінерлер жер комиссиясының оңды шешімін алу үшін 500 000 мың теңге көлемінде ақша керек екенін айтқан. Кәсіпкер алдымен келісілген қаражаттың 200 мың теңгесін берген. Бірнеше күннен кейін тағы 200 мың теңгені экономистін қолына ұстатып, қалған 100 мың теңгені кейінірек жеткізіп беретін айтқан екен. Сол сәтте жауапты маман жұмысты бітіру үшін қосымша тағы да 150 мың теңге сұраған екен. Осы кезде шыдамы тасылған жәбірленуші құқық қорғау органдарына шағым түсірген.

«Алған ақшаның басым көпшілігін Белкөл кентінің экономисі өз қажеттелігіне жұмсап жіберген. Тергеу бұл әрекетті толық дәлелдеп берді. Сот үкімі бойынша Белкөл кентінің әкімі лауазымыды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, оған 10 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, экономист екі жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, оған да 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай –ақ, кәсіпкерден алған ақшаны өтеп беруге міндеттелді», — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Жерді сатып, пайдаға кеңелгісі келген тағы бір ауыл әкімі жазаға тартылды. Шиелі ауданына қарасты Гигант ауылының әкімі округте жалға берілетін жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеп беру үшін кәсіпкерден 50 мың теңге алған.

Осыдан кейін, сотталушы өзінің қызметтік бөлмесінде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Гигант ауылдық округінің аймағынан жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеп, жер учаскесін жалға беруге шешімін шығарып беру үшін тағы бір адамнан 60 мың теңге алып жатқан жерінде ұсталды.

«Сотталушы сот процесі кезінде өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындады. Ол өмір бойына лауазымдық қызметтерді атқару құқығынан айырылып, 7 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынуға міндеттелі», — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Фото: zhasalash.kz

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.