Орысша сөйлемегені үшін ескерту алған әкім қызметсіз қалды

4373

Республикалық маңызы бар қала мәртбесін алған Шымкентте кадрлық тағайындаулар әлі жалғасып жатыр. Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында қала әкімі Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ  депутаттарға әл-Фараби және Қаратау аудандары жаңа әкімдерінің кандидатурасын таныстырды.

Әл-Фараби ауданының әкімі қызметіне Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ тағайындалды. Ол уақтысында Қаратау ауданының әкімі, ал биылдың наурызынан бергі аралықта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып істеген. Қаратау ауданының әкімі болып Исамидин МҰХИТДИНҰЛЫ тағайындалды. Ол 2016 жылдан бергі аралықта аталған аудан әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келген.

әл-Фараби ауданының әкімі лауазымын бірнеше жылдан бері атқарып келген Бауыржан Қалжановтың әзірге қандай қызметке барары белгісіз. Жиында Әбдірахымов алдағы аптада қалада жаңадан құрылған басқарма басшыларының тағайындалатынын хабарлады. Б.Қалжановқа бәлкім осы тағайындаулар кезінде бір қызмет бұйырып қалар.

Естеріңізде болса жыл басында аудан әкімдерінің халық алдындағы есеп беруі жиынында Шымкенттің сол кездегі әкімі Нұрлан САУРАНБАЕВ орысша сөйлемегені үшін Бауыржан ҚАЛЖАНОВҚА  ескерту жасаған болатын. Сауранбаевтың Қалжановқа сол жолғы қазақша-орысша араластырып сөйлеген сөздерін көпшілік ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде сынап тастаған еді. Бұл мәселе ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынында да  көтерілді. Сауранбаев сол кезде Расул Гамзатовтың «егер менің тілім ертең жойылатын болса, мен бүгін өлуге даярмын» деген сөзін мысалға келтіріп, қазақ тілінің мүддесін қорғаған азаматтарға көмекші болуға әзір екендігін білдірген.

Фотолар автордікі. 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.