Фин газеті Helsingin Sanomat АҚШ пен Ресей президентінің кездесуі алдында «сөз бостандығының қадірін еске түсіретін» акция ұйымдастырды.  

Финляндиялағы жарнама тақталарында газет атынан ағылшын және орыс тілдерінде Трамп пен Путинге қарата «Баспасөз еркіндігі бар жерге қош келдіңіздер» деп жазылған.   

Бағанға ілінген сөздер арасында бұрындары газет беттерінде жарияланған материалдар тақырыбы да жазылған. Мәселен, «Путин баспасөзді өзіне бағындырмақ», «Путин Ресейдегі ірі ақпарат агенттігін жапты», «Трамп БАҚ-ты халық жауы деп атады».  

Басылым журналистері Саска Саарикоски мен Лаура Саарикоски екі президентке ашық хат жазған. Онда «Финляндия Ресейдегі жағдайды көптен бері бақылап келеді: көршіміз мемлекеттің қуаты мен абыройы демократиялық құндылық мен азаматтық қоғамнан бағалырақ болатын саяси бағытқа түскендей әсер қалдырады. Ресейге көрші Финляндия осы жағдайларға алаңдайды» деп жазылған. ​

Хат авторлары мәтінде Трампты да сынайды — «Трамп өзінің одақтастары мен халықаралық қауымдастыққа, еліне зиян келтірсе де, арзан жеңіске жетуге тырысатындай көрінеді» деп жазады.  

Владимир Путин Мәскеу уақыты бойынша сағат 13.00-де Хельсинкиге келді. Екі президенттің кездесуі жергілікті уақыт бойынша 13.20-да (Астана уақыты бойынша 16.20) өтуі керек болған. Кешігіп басталған кездесуде Трамп Путинді футболдан «ең үздік» әлем чемпионатын өткізуімен құттықтады.     

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.