Талдықорған қаласындағы бағдаршамдар 1970-80 жылдардағы стандартпен жұмыс істеп тұр. Таймерді ретке келтіріп отыратын орталық пульт жоқ. Бұл туралы блогер Қайрат Әбдірахман өзінің инстаграм парақшасында жазды.

«Қазір қалада бағдаршамдар жүйесінде біркелкілік жоқ. Мәселен, кей көшелерде олар қызыл, сары, көк түс болып толыққанды жұмыс істеп тұрса, кейбіреуінде сары түс мүлдем жоқ.Соның салдарынан жол апаты туып жатады. Кейде қалада маңызды шаралар болғанда осыншама бағдаршамның бәрін қолмен басқаруға тура келеді,себебі, қашықтан басқарылатын орталық пульт жоқ», – деді Қайрат ӘБДІРАХМАН Жас Алаш тілшісіне.

Блогер бұдан әрі ондағы көлік жүргізушісі мен жаяу жүргіншінің өтуіне берілген уақыт аралығында да жүйесіздік барын, жол белгілерінің де бүгінгі талапқа сай еместігін жеткізді.

Блогер бір кездері  қалалық ішкі істер саласы мен бұрынғы қала әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВҚА осы мәселе жөнінде хат жолдап, қызмет көрсетуші фирманы ауыстыруды өтінген. Сонымен бірге, аталған хаттың жазылуына бағдаршамға жауапты фирманың уақыт талабына сай жұмыс істемей тұруы себеп болған.

ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНДА 84 БАҒДАРШАМ БАР. ОЛАР МЕН ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІНІҢ КҮТІМІНЕ БІР ЖЫЛҒА 40,387 МЛН. ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН. АЛАЙДА, ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 70-80 ЖЫЛДАРДАҒЫ СТАНДАРТПЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫН БАҒДАРШАМДАР ЖОЛДЫҢ ҚАУІПСІЗ БОЛУЫН  ҚАМТЫМАСЫЗ ЕТЕ АЛМАЙДЫ.

Блогердің мәліметіне сүйенсек, қалалық ІІБ-сі тарапынан жолданған хаттың нәтижесінде аталмыш фирма жауапқа тартылғанмен, арада көп уақыт өтпей атауын өзгертіп қайта жұмысқа кірісті делінген. Бұған қоса ол биылғы жылы қала бағдаршамын ретке келтіру мақсатында  бюджеттен 49 820000  теңге көлемінде қаржы бөлінгенін де көптің назарына ұсына кеткен.

Көтерілген мәселеге орай қала әкімінің баспасөз хатшысы Данияр ЖАНЫСҚА хабарластық. Әкімдік өкілі аталған мәліметтердің барлығын теріске шығара алмады.

«Бұл Қайраттың (жазба авторы блогер Қайрат  Әбдірахманды меңзейді – Қ.Қ.) айтуы бойынша эмоцияға берілетін дүние емес. Себебі, қалада оның айтып отырғанындай, орталық пультпен басқарылатын бағдаршамдар жүйесін құру үшін қыруар қаржы кетеді. Ал жоғарда бөлінді деген қаражатқа келсек, оны тендрден ұтып алған фирма игереді. Оның қазірге дейін қаншасы қай мақсатта жұмсалғанын мен айта алмаймын», – деді ол.

«Талдықорған қаласының ЖК және АЖБ» ММ басшысы М. Қалиевтың айтуынша, қала бойынша орнатылған жол қозғалысын реттеу құрылғыларына техникалық қызмет көрсету жұмыстары «ТАТ» ЖШС мердігер ұйымымен жүзеге асырылады. Аталған жұмыстардың орындалуына  бөлінген қаражат мөлшері 40,387 млн. теңгені құрайды. Бұл қаражат тек шаһар аумағындағы бағдаршамдар мен  жол белгілердің жылдық күтіміне ғана жетеді.

Айта кетсек, бүгінде қалада 84 бағдаршам жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге жаңадан бой көтерген Оңтүстік — Батыс тұрғын ауданының жолдарын құру нысаны бойынша өңделген жоба сметалық құжаттамасына сәйкес, «Гордорстрой» ЖШС мердігер ұйымымен аталған ауданда 7 дана бағдаршам нысандарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Жоғарыда тілге тиек етілген әкім Бағдат ҚАРАСАЕВ Талдықорған қаласын 2015 жылдан бастап 2018-жылдың мамыр айына дейін басқарды. Президент туған облыстың орталығындағы бұл мәселенің әлі күнге дейін шешілмей жатқаны түсініксіз. Қаражат жоқ деуге тағы келмес. Мәселен 2016 жылы Алматы облысы бюджеттің 7 млрд қаражатын игермеген.

Фото: zakon.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.