Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдауында «Банктердің былтыр құлауы адамдар еркелей бастағанын көрсетті. Банк ашып, жұмыс істеп кететіндей бұл базар емес. Бұл халықтың әл-ауқаты мен мемлекет қаржысына тікелей әсер етеді» деді.

16 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев Данияр Ақышевты қабылдағанын алдымен Ақорда хабарлаған. Онда «теңгенің құбылуы халықтың әл-ауқатына әсер етпейтіні» айтылған. Одан соң қазақстандық «Хабар 24» арнасы қабылдаудың видеосын жариялады.

Видеода Назарбаев банк акционерлерін сынайды.

Көшеде, аялдамаларда «Жоғары пайызбен үстеме береміз! Ақшаңызды бізге құйыңыз!» деп айқайлап жүреді. Ал акционерлері сол ақшаны жымқырады.

Нұрсұлтан Назарбаев

​»Аз-маз ақша жинап алады да, банк ашады. Ұлттық банк рұқсатын береді. Сосын көшеде, аялдамаларда «Жоғары пайызбен үстеме береміз! Ақшаңызды бізге құйыңыз!» деп айқайлап жүреді. Ал акционерлері сол ақшаны жымқырады. Өз адамдарына таратады. Банк жүйесінде бассыздық орнады ғой. Есі дұрыс банк жағдайы жоқ адамға кредит бермейді» дейді Назарбаев.

Алты минуттан сәл асатын видеода алдымен Ақышев «банк жүйесіндегі жаңалықтарымен» бөліседі. Видеоның 5:30 минутынан бастап Назарбаев «Ақыры не болды? Акционерлердің өзі ақша қайтпайтынын біле тұра, өз адамдарына таратты. Ақша жымқырып, ұрлады. Біздің банктің көп болғаны қажет емес» дейді.   

Қабылдауда оппозициялық саясаткер, Қазақстанда экстремистік деп танылған қозғалыс жетекшісі Мұхтар Әблязов төрағасы болған БТА банкі де аталды.​

«Банк деген – ақша. Ақша – экономика. Экономика дегеніміз – халықтың әл-ауқаты. Адамдар әлі банктерге мемлекеттік жүйе ғой деп барады. Шын мәнінде алаяқтар алдайды. БТА-дан 6-7 миллиард доллар ұрлап әкетіп еді, әлі күнге дейін қалпына келтіріп жатырмыз. Бұдан былай мұндай бассыздыққа жол бермеуіңді талап етемін» дейді Назарбаев.

Оқи отырыңыз: Бюджет триллиондары есебінен «сауықтыру»

Биыл 18 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында «жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін» айтқан.

«Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір «Эксимбанк», «Астана банкі» және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам» деген Назарбаев.

Бұдан соң «Астана банкі» өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін «тұрақты орындап отырғанын» мәлімдеген. Кейін банк 22 сәуір мен 2 мамыр аралығында жеке тұлғалардың банктен ақшасын алуы мен ақшалай аударым жасауына шектеу енгізген. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.