Әміре ҚАШАУБАЙҰЛЫНЫҢ 130- жылдығына  бюджеттен 5 млн. теңге бөлінген. Оның 3, 5 млн  теңгесі құрастырмалы сахнаны ауылға апарып қайтуға жұмсалған. Семейде қалалық деңгейде өтетін мәдени шараларға құрылып  жүрген сахнаны 300 шақырым жерге «арқалап апару» неткен қымбат… Қызық. 

Семейдің Абыралы өңірі, Ақбұлақ ауылында қазақтың біртуар атақты әншісі Әміре Қашаубайұлының 130 жылдығы атап өтілді. Атап өтілді деп қана айтуымыздың екі себебі бар. Біріншіден, Ән атасы атанған ұлы тұлғаның 130 жылдығына Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ  басқаратын Мәдениет министрлігі жылдың басынан мән беріп, республикалық деңгейде – Астана, Алматы, Семейде ән фестивалін ұйымдастырып, таланттардың танылуына жол ашса жөн еді. Алайда, президенттің шілденің алғашқы күнін ұлттық домбыра күні деп жариялаған жарлығы шығысымен, Астана төріндегі оркестрдің шетіне отыра қалып, өзінің музыкант екендігін көрсеткен министрдің  Әміре Қашаубайұлының мерейтойын басты қалаларда дүбірлетуге дәрмені жетпеді. Әйтпесе, қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраның қасиет-киесін әлемге танытқан Әміре болғандығы бұл күнде бестегі балаға да белгілі. Ақбұлақта өткен мәдени шараға 14 әншіні алып барып, «Республикалық ән фестивалі» деп қанша жерден жар салса да бұл ел ішіне барып, концерт өткізгеннен ары аспаған әрекет болғаны шындық.  Екіншіден, туған ауылы – Ақбұлақтың және Абыралы өңірінен шыққан азаматтардың ұлттың намысы мен ұятын сезініп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымдаспағанда Әміренің есімі елеусіз қалуы да әбден мүмкін еді. Шын мәнінде Әміре туған ауылында ғана аталып өтуге тиіс деңгейден әлдеқайда биікте емес пе еді?!

Әміренің тойын әкімдік емес, ел азаматтары атап өтті

Әрине, мұндайда жергілікті шенділерге де таяқтың бір ұшы тиері анық. Бүгінгі күнде Семейге қарасты Ақбұлақ ауылының өркениеттен тыс жатқаны ешкімге құпия емес. Абыралы өңіріне апаратын 300 шақырымдық жолдың адам төзгісіз қиындығы өз алдына, Ақбұлақ, Айнабұлақ ауылдарында ұялы телефон байланысы жоқтығы айтыла-жазыла жауыр болғалы қашан. Қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ ел ішіне есеп беруге жылда барған сайын әлеуметтік мәселелерді естіп қайтып жүргенімен, жұрты көшіп, қарасы сиреген ауылдарға қарайласуға қауқары жоқ. Бұрынғы аудан орталығы – Қайнар ауылына ауыз су тартылатын болып, жұрт қуана бастап еді, алайда, ұзаққа барған жоқ. Неге екені белгісіз қазір су құбырын тартып жатқан «Семейводоканал» мекемесі жұмысын тоқтатып, кері қайтқанда жұрт оның себебін анықтай алмай, әлі күнге дейін дал болып жүр. Бұйыртса, Абыралы өңірінің қырық есекке жүк болатын әлеуметтік мәселелеріне алдағы уақытта оралатын боламыз.

Әміренің тойын әкімдік емес, ел азаматтары атап өтті

Хош, сонымен, әңгіме ән атасының тойы жайында еді ғой. Қала әкімі Ермак Сәлімов той күні ел ішінен табылғанымен, жұрт облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі келмесе де, руханият пен мәдениетке жауап беретін орынбасары Әсем НҮСІПОВА  келер деп күткен еді. Алайда, жолын шаң басқан шалғайдағы ауылға бару «бақыты» демалысқа шығып кеткен Әсем Бекқызына емес, «Нұр отанның» облыстағы филиалының басшысы Ә. Мұхтархановқа, ШҚО ішкі саясат басшысы Н. Краснобаева мен мәдениет басқармасының басшысы А. Мұхаметчиновке бұйырыпты. Мәдениет министрінің  құттықтауын арнайы жіберген уәкілі Бекзат Смағұлов оқып берген жайы бар.

Әміренің тойын әкімдік емес, ел азаматтары атап өтті

Әрине, той болған соң қадірлі қонақсыз сәні қайсы?.. Әміренің әндерін зерттеуге ғұмырын сарп еткен өнертанушы Жарқын ШӘКӘРІМ, жазушы Медеу СӘРСЕКЕ сияқты елге танымал тұлғалардың келгені, Гүлмира САРИНА, Жоламан ҚҰЖИМАНОВ,Толғанбай СЕМБАЕВ, Берік ОМАРОВ сияқты дәстүрлі әннің дүлдүлдерінің барып ән салғаны сәні қашқан ауылдың бір сәт те болса ажарын кіргізгеніне шүбә жоқ.

-Менің туған ауылыма жолым түспегеніне үш-төрт жыл болып қалыпты. Ел азаматтары барынша ұйымдасып, қолдан келгенше үлес қосқаны қуантты. Дегенмен, Әміре ЮНЕСКО көлемінде алып қарауға лайық тұлға екенін ескерсек, 130 жылдық дүбірін алақандай ауылына «сыйдырғаны» көңілге келеді.  Орайы келгенде,  «Амре» фильмі туралы да айта кетейін. Кино негізінен  шетелдік көрермендердің талғамына сай түсірілген, ұлттық ұғымнан алшақтау. Әншінің туып-өскен өлкесін енгізбеген күннің өзінде Парижде Ромен Ролланмен кездескен сәті көрініс тапса, Әмірені  шетелге танытудың таптырмас эпизоды болып шығатын еді ғой. Бәлкім, бір фильммен шектеліп қалмас, келешекте қайталанбас талант туралы тағы да  кино түсірілер  болса, оның өмірде бастан-кешкені назарға алынуы керек деп ойлаймын,- дейді Ақбұлақтан түлеп ұшқан белгілі ақын, Әміре Қашаубайұлы туралы «Ұлы тенор» поэмасының авторы Қайырбек ШАҒЫР.

Әміренің тойын әкімдік емес, ел азаматтары атап өтті

Айтпақшы, осы шарамен қатар Ақбұлақ ауылының құрылғанына 50 жыл толғаны да қоса атап өтілді. Алайда, 1968 жылы іргетасы қаланған күннен бастап, осы ауылдың ыстығына күйіп, суығына тоңған еңбек адамдарының дәл осы тойда назардан тыс қалғаны ауыл әкімі Нұртай ТЕМІРЖАНОВТЫҢ  салғырттығынан шыққан тәрізді.

-Бүгінде біріміз Алматы, Астана, Семейде жүрсек те Ақбұлақтың жарты ғасырлық тойы болады дегенде жұмыла көтеруге тырыстық. Ел азаматтарына рахмет, ешкім  бергенін міндет етпейді ғой. Бірақ, қала әкімі Ермак Сәлімовтің осындай шараны өз күшімен ұйымдастырған ел-жұртқа бір ауыз алғысын білдірмегені оның қандай деңгейдегі әкім екендігін көрсеткендей. Жанымды жүдеткен тағы бір көрініске куә болдым.  Сексенге таяған жасына қарамай сонау Семейден кәрі сүйегін  сүйретіп келген Ыркен (Жеңісбибі) Қайырханова анамызды ешкім елеген жоқ. Ол кісі кезінде фельдшер де, дәрігер де өзі болып ауыл тұрғындарының қайсы ауырса да арашашысы болған ардақты адам еді ғой. Осындағы мен деген азаматтарға жарық ғұмыр сыйлап, кіндік шеше атанған жұртқа сыйлы адам болды. Әрі-беріден соң қазіргі ауыл әкімі, жас бала Нұртайдың өзінің де кіндік шешесі осы кісі болды десем, өтірік айтпаспын. Осындай ізгі жүректі адам ауырып жатқанына қарамай туған ауылымды көріп қайтайын деп келгенде, бір сәт мән беруге болатын еді ғой. Талай шаңыраққа шаттық сыйлаған жанның ақырын ғана шеткері шығып қайтып  бара жатқанын көргенде қатты қынжылдым. Ондай адамдар емес, тойға ақаша қосқан, қожалығы бар ауқаттылар ғана назарға алынып, жұрт алдында марапатталды,- дейді Алматыдағы жоғары  оқу орындарының бірінде сабақ беретін, ақын-әнші азамат Ерлан Рымбеков.

Әміренің тойын әкімдік емес, ел азаматтары атап өтті

Иә, «Тойдың болғанынан боладысы қызық» десек те, өткеннен соң қандай игіліктің кем-кетігі, «әттеген-айы» айтылмай тұрмайды.  Бәрінен де осы шараны өткізуге жауапты болған Семей қалалық әкімдігі тарапынан Ақбұлаққа пайдасы тиер не көмек көрсетілді? Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке АҚҚОЖИНАНЫҢ жарты күн күттіріп берген мәліметіне сүйенсек, тойдың игілігіне бюджеттен 5 млн. теңге қаражат бөлінген. Оның 3, 5 млн  теңгесі құрастырмалы сахнаны ауылға апарып қайтуға жұмсалған. Семейде қалалық деңгейде өтетін мәдени шараларға құрылып  жүрген сахнаны 300 шақырым жерге «арқалап апару» да оңай емес шығар, бірақ, дәл осы сомаға Әміренің ауылына естелік  боп қалатын пайдалы, ауыз толтырып айтарлық  басқа нәрсе жасауға болар  еді. Қалған 1,5 млн. теңге  қаражат жан-жақтан жиналған 14 әншінің өнер сапарына (Аққожинаның сөзімен айтқанда фестивальға) жұмсалғанын ескерсек, қалалық әкімдіктен бөлінген 5 млн.теңге қаражат Әміренің тойын  ақтай алды ма?-деген сұрақты  еріксіз көлденеңдетті.  Айтпақшы, осы тойдың қадірлі қатысушыларының бірі, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина Ақбұлақтан қайтқанда бір топ ел азаматтарына ризашылығын білдіре келіп, әлеуметтік желідегі ойын  былайша түйіндепті:

«… Кезінде 250 шаңырағы болған ауылдың бүгінде 48-і ғана қалған. Ендігі уайым – атамыздың он жылдан кейінгі мерейтойында қанша үй қалар екен?!Бар тілегіміз – қазақ ауылдарының жағдайы жақсарса екен…» дейді әнші өзінің фейсбуктағы парақшасында.

Бұған біздің да алып-қосарымыз  жоқ. Ат жарыс, аламан бәйге, күрес сияқты ұлттық спортты да өз күштерімен ұйымдастырып, көліктен бастап, тұрмыстық бұйымдардан  жүлде тіккен ақбұлақтықтардың да ендігі арманы  сол ғана:

Әміренің ауылының аты өшпесе екен…

Фотолар: Семей қаласы әкімдігі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.