Алдағы қыста Атырау қаласындағы Балықшы және Нұрсая ықшамаудандары «Атырау жылу электр орталығынан» жылытылатын болады. Алайда, оған тұрғындардың бәрі бірдей көнгісі жоқ. Әсіресе, Балықшы ықшамауданында орталықтандырылған жүйеге қосылудан бас тартқандар қарасы қалың. Бұл жөнінде zhasalash сайтының аймақтағы тілшісі хабарлайды.

-Мен үйіме сумен жылытатын бойлер қазандығын орнатқам. Айына коммуналдық шығындар үшін аз төлеймін. Жылу орталығына қосылудың шығыны көп деп есептеп, пәтеріме қосудан бас тарттым. Бүкіл қаланың жылу жүйесін бір орталыққа бағындыру тек монополистер үшін тиімді деп ойлаймын. Сонда біз олардың бекіткен тарифімен келісіп, белгілеген уақытында ғана жылу алуға мәжбүр болмақпыз, — дейді Кәрібай РАХМЕТОВ. 

Бұл мәселені жиі көтеріп жүргендердің бірі блоггер Катерина ЛАНДЫШЕВА

«Қаланың әр түкпіріндегі тұрғын үйлердің бәрін жылу қанша шақырып жерден тартып, бір электр орталығына қосу экономикалық жағынан тиімсіз ғана емес, абсурд. Әлем елдерінде қазір мұндай тәжірибе қолданылмайды. Қазір Балықшыдағы траншеялардың астаң-кестең қазылып, тұрғындардың беркетін кетіріп отырғанына жарты жылдай болды. Оған ойнап жүрген бала түсіп кеткен жағдай да орын алды» деп отыр. 

Тағы бір Балықшы ықшамауданының тұрғыны Гүлнар Рахымқызы көршілерін «желідегі суды ұрлайды» деп айыптайды. 

-Біздің қаламыз бір орталықтан жылыта алмайтындай мегаполис емес. Қазір жылу жүйесіне қосып жатқан компания пәтерлердегі шойын батереяларды пластик баламаларына тегін ауыстырып жатыр. Бұл төменгі қабаттардағы желідегі суды тұрмыстық қажеттіліктерге ағызып алып үйренгендер үшін тиімсіз болып тұр. Пластик батереялар ондай заңсыз әрекетке жол бермейді. Егер көпқабатты үйді жылыту үшін 100 пайыз су айдады десек, оның 20 пайызы буға айналып, қалғаны қайтып келуі керек. Бұған дейін Балықшыдағы жағдай  керісінше болды. Құбырдағы судың 20 пайызы ғана кері қайтатын. Себебі, тұрғындар батереядағы суды жол-жөнекей қажетіне құйып алушы еді. Амалы таусылған Балықшы қазандығының қызметкерлері «мұны қоймасаңдар, суға ұнтақ қосып жібереміз» деп қорқытты да. Бұл үйлердің мекемеге үлкен қарызы жиналып қалуы сондықтан, — дейді ол. 

Балықшы ақшамауданындағы жағдайды өз бақылауында ұстап отыратынын облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ осыдан екі жыл бұрын ескерткен болатын. Бұған дейін ондағы үйлерге Балықшы қазандығынан жылу берілгенмен, ол қазіргі күні әбден ескіріп тұр. Ал балықшылықтардың тоқ күшін пайдаланғаны үшін қарызы 17 млн.теңгеге, суға берешегі 13 млн.теңгеге жеткен. 

«Нұрсая» ықшамауданынында да тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары басталды. Оны жүзеге асырып отырған «ГарантСтрой 2008» мекемесі  тапсыру мерзімін 2018 жылғы желтоқсан айының ортасына белгілепті. 

-Егер қалада орталықтандырылған жылу жүйесі болса, өз алдына бөлек қазандықтар салып, оған қаражат бөліп отырғанша, барлығын соған біріктірген дұрыс. Құбырларды жүргізу кезінде бүлінген жерлерді, асфальт жолдарды соңынан қалпына келтіріп береміз, дейді «Атырау жылу желілері» АҚ  жөндеу жұмыстары жөніндегі вице-президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ.

Фото автордікі. 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.