Күтпеген жерден бұрқ ете қалған қазақ-қырғыз дауының әзір тыншитын түрі көрінбейді. Осыдан бұрынырақ «Назарбаев туралы артық сөйлеп ағаттық жасадым» деп сәл жұмсарғандай көрінген Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елінің орнықты дамуы бойынша ұлттық кеңестің отырысында қазақ билігіне бағыштап тағы біраз сын айтқаны белгілі болды. Ол «екі ел арасындағы экономикалық жанжалға Еуразия экономикалық комиссиясының ештеңе білмегендей рай танытып отырғанына» да қатты реніш білдірген.
«Мен Ресей мен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып-жазылып жатқан дүниелерді қалт жібермей қадағалап отырамын. Байқауымша, бұл елдердің баспасөздері Атамбаев Еуразия экономикалық одағын құлдыратқысы келеді деген сипатта хабар таратып отыр. Бұл барып тұрған сандырақ. Қырғызстан одақтан шығуды ойлаған емес, шықпайды» дейді қырғыз президенті.

Атамбаевтың айтуынша, Еуразия экономикалық одағы — қырғыз үшін үлкен мүмкіндік. «Турасын айтқанда біз оған үлкен үмітпен кірдік. Қырғыз Республикасы бір айдан астам Еуразия экономикалық одағынан бөлектеніп қалғандай күй кешіп отыр. Заңды құрметтеп, елдің ішкі істеріне араласпауды талап еткені үшін Қырғызстанды шеттетіп тастады. Мұның бәрі Қазақстан басшылығының қыңырлығынан. Одақты шын мәнінде күйретіп отырған мен бе әлде Назарбаев па?» деп ашулана сөйледі Алмазбек Атамбаев. Ол Еуразия экономикалық одағы елдері басшылары мен Еуразия экономикалық комиссиясы басшысы Тигран Саргсянның немқұрайлылығына, бейжайлығына таңданыс білдірген.

Сондай-ақ ол «Атамбаев кешірім сұрасын!» деп әр жерде қарсылық білдіріп, митинг өткізіп жатқан отандастарына да реніші барын айтты. «Егер біз өзімізді сыйламасақ, онда кім бізді сыйлайды?! Қарап отырсам, қазір бәрі Атамбаев аяғына жығылып кешірім сұрауы керек деп шулап жатыр. Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Кешірімді Атамбаев емес, басқа елдің ісіне араласатындар сұрауы керек» дейді ол.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
АСТАНА

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу