Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан қайтыс болды. 

Спортшыны шілденің 19-ы күні Алматыда түс ауа белгісіз екі адам пышақтап кеткен. Алған жарақаттан Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Оқиға болғаннан кейін Денсаулық министрлігі Азаттыққа пышақ жарақатын алған спортшы Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілгенін мәлімдеген.

«Операция жасап жатыр. Жағдайы ауыр. Үш литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр» деп хабарлаған министрлік өкілі Азаттыққа.

Қалалық ішкі істер департаменті: «Тен Денис Юрьевич көлігінен айна ұрлап жатқан екі адамның үстінен түскен. Жанжал барысында Денис Тенді пышақтап кеткен. Осы оқиға бойынша тергеу басталып, күдіктілерді іздеу шаралары жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің «Адам өлімі» бабы бойынша іс қозғалды» деп мәлімдеген.

 Денис Тен маусымның 13-і күні 25 жасқа толған еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.