Денис ТЕННІҢ қазасы Қазақстан халқының ғана емес, бүкіл әлемнің қабырғасын қайыстырды. Денис Теннің жер-жердегі әріптестері, даңқты бапкерлер мен жанкүйерлер қайғыдан қан жұтып отыр. Денис Теннің көзін көрген бапкерлер, спортшылар мен ақпарат құралдары оның отбасына қайғырып көңіл айтып жатыр.

Мәнерлеп сырғанаудан канадалық даңқты бапкер Брайан ОРСЕР өзі жаттықтыратын атақты спортшылар ­­­– Юдзуру ХАНЮ, Джейсон БРАУН, Хавьер ФЕРНАНДЕС, Евгения МЕДВЕДЕВА және Габриэль ДЕЙЛМАННЫҢ атынан көңіл айтты:

­– Біз Денис Теннің қазасына қайғырып отырмыз. Мәнерлеп сырғанау қауымдастығы маңдайалды спортшысынан айырылды. Отбасының қайғысына ортақпыз. Сенің мәнерлеп сырғанауға қалдырған ізің ары қарай да өмір сүре бермек. Юдзуру, Джейсон, Хавьер, Габриель және Евгения.

The New York Times басылымы Денис Теннің бұрынғы хореографы Лори НИКОЛЬДІҢ мына бір пікірін беріп отыр:

Денис Теннің қазасына бүкіл әлем күңіренді

– Оның коньки жүзінің мұзға тиіп сырғуы, мұз айдынындағы қозғалысы басқа ешкім қайталай алмайтындай ерекше еді. Оның мұз айдынындағы ынтықтығы мен құштарлығы өте терең еді. Әрі ол ішіндегі буырқанған, тулаған сезімін мұз айдынында барынша шығарып көрсеткен кезде, көзіме жас алатынмын. Себебі мұндай деңгейдегі спортшыны көрген емеспін.

Денис Тен жайлы естелік жазған АҚШ-тың The Washington Post басылымы бүй дейді:

– 2014 жылы Олимпиадада мәнерлеп сырғанау спорты үшін белгісіз елден келген онша танымал емес спортшының тоғызыншы орыннан (Денис Тен Сочиде мәнерлеп сырғанаудың алғашқы күніндегі қысқа бағдарламадан 9-орын алған еді ­– ред.) үшінші орынға бір-ақ шығып, медаль алуы жанкүйерлерді тамсандырды.

Осыдан кейін Тен тілшілерге өзінің жанкүйерлері жаз айларында Қазақстанға келіп, тіл үйренгенін, Орталық Азия жайлы көбірек мағлұмат білуге құштар болғанын айтқан.

Ол Олимпиададан бір жыл бұрын Канадада өткен әлем біріншілігінде күміске қол жеткізген, сол тұста ол туралы жазған Associated Press агенттігі Теннің мұз айдынындағы өнерін «техникалық жағынан әсерлі» деп бағалаған.

Елена БУЯНОВА, Денис Теннің бұрынғы жаттықтырушысы:

Денис Теннің қазасына бүкіл әлем күңіренді

– Денис – айрықшы талант иесі. Ондайлар ілуде бір дүниеге келеді. Ол спортта ғана емес, өмірде де талантты еді. Ол жан-жақты адам еді. Бұл – ауыр қайғы.

Адам РИППОН, мәнерлеп сырғанаудан 2016 жылғы әлем чемпионы:

­­– Менің досым Денис Тен көз жұмды. Ол айналасына сондай мейірімді еді, маған және басқа адамдарға ерекше рух беретін. Қазақстан көшелерінде қаза тапты. Денис, бізге қалай чемпион болуды көрсеткенің үшін рахмет! Бірақ сенің бізбен өткізген уақытың тым қысқа болды. Сені мәңгі жақсы көріп өтеміз.

Патрик ЧАН, 2014 жылғы Сочидегі қысқы Олимпиаданың мәнерлеп сырғанаудан күміс жүлдегері:

­– Денис Тенмен мұз айдынын бөліскенім мен үшін үлкен абырой. Біздің спорттың сәнін кіргізген хас спортшылардың бірі еді. Оның отбасының қайғысына ортақпын.  

Евгений ПЛЮЩЕНКО, 2006 жылғы Туриндегі қысқы Олимпиаданың мәнерлеп сырғанаудан чемпионы:

Денис Теннің қазасына бүкіл әлем күңіренді

– Мейірімді, қарапайым, адал еді. Тұңғыш рет менің жаттығуларымды тамашалап тұрған бала кезінде көрген едім. Қазасына сенгім келмейді. Сен кез келген жарыстың, шоудың сәні едің. Мәнерлеп сырғанау қауымдастығы, сенің халқың, елің, әлемдегі бүкіл жанкүйерлерің қайғырып отыр.

Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Томас БАХ:

­– Денис Тен керемет спортшы және өз спорт түрінің елшісі еді. Мейірімді және тартымды адам еді. Одан мұндай жас шағында айырылу ­– үлкен қасірет.

Денис Теннің қайғылы қазасы жайлы жазған The National Post оның мына сөздерін келтіреді:

– Болашақта не болса да, өз басым спортта табысты болдым деп есептеймін. Менде құлдырау мен өрлеу, медальдар мен жеңілістер, жақсы-жаман естеліктер, қайталанбас сәттер, жарыстар, бәрі болды деп ойлаймын.

Дайындаған З.ЖЫЛҚЫБЕК.

Фотолар: zimbio.comvm.ru, sportbox.ru, thestar.com.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.