Семей қаласына қарасты 300 шақырым қашықта жатқан Қайнар ауылының халқы «Биыл да таза ауыз су ішуді армандаған күйі қала береміз бе?» деп алаңдаулы. Өйткені, өткен жылы ауыл іргесіне келіп, бөлінген қаражатқа сай су құбырын тартуды бастағанымен жұмысын дұрыс атқармаған мердігер «Райс строй» компаниямен қалалық әкімдік қазір соттасып жатыр. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Семей қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қайнар ауылына су тартуға республикалық бюджеттен  467 миллион теңге бөлініп, оның 194 миллион теңгесі игеріліп, ауылдың ішіне негізгі су құбырлары тартылған. Енді қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ ары қарайғы жұмыстарды атқару басқа компанияға жүктеліп, қар түскенше қараша халықты ауыз суға қарық қылатынына Қайнарға барған сапарында сендіріп кетіпті. Алайда, қашан да бюджет қаражатына қатысты жұмыстардан шикілік шықса, басын ала қашатын әдетімен, бар кінәні ауыл әкімі Сағынғали ҚАПАҚОВҚА аударып, тартылмаған судан құрғақ шығып кетуге тырысқанын да жасырудың қажеті болмас.

Әрине, ауыл шетіне келіп, халыққа басты қажеттілік – ауыз су тартумен айналысып жатқан компанияның жұмысын күнделікті қадағалау ауыл әкімінің тікелей міндеті. Алайда, ауылдан сирек табылатын Қапақовтың көбіне қалада шапқылап жүретіндіктен қайнарлықтардың әкім жұмысына қанағаттанбайтыны рас. Бұл тұрғыда қаланың әкімі ауыл халқымен кездесуде «Ауыл әкімі (С. Қапақовты айтады-авт) халыққа атқарылып жатқан жұмыстар туралы түсіндіріп айтпаған, кездеспеген. Алдағы уақытта біз барлық жұмыстарды аяқтаймыз, ол кезде күз болып, жер қазу жұмыстары қиындайды. Сондықтан қазірден бастап іске кірісіп,тұрғындар суды қабылдап алу үшін дайындық жұмыстарын жасау керек. Ауылдың ішіндегі су құбырына арналған шұңқырлардың барлығы ашық жатыр, қауіпсіздік шаралары қолданылмаған. Халықпен ешқандай жұмыс жоқ, осымен екінші рет ескертіп отырмын,» деп сынға алып ақталған болды. Сонда дейміз-ау, Ермак Сәлімовтің өзі де қала құмар Қайнардың әкімінен «Су тарту қалай жүріп жатыр? Халықпен кездестің бе? Разы болып жатыр ма?» деп бір рет те сұрамаған болды ғой. Оны былай қойғанда, өткен жылғы ауыл әкімдерінің сайлауында Ермак Бидахметұлының мәслихатқа ұсыныс жасауымен «жеңіске жеткен» С. Қапақов жыл толмай екі рет ескерту алып, қала басшысының өзін жерге қаратып отыр.

-Су тартылу жұмыстары былтыр 15 мамырда басталды. Биыл 28 ақпанда аяқталуы тиіс болатын. Қыста жұмыстары қыбырлап қалғанда компания жұмысын қадағалау керектігін айтып ауылдық әкімдікке екі-үш рет бардым. Бірақ та олар «оның бізге қатысы жоқ, білмейміз» деп барудан бастарын ала қашқан болатын. Енді, не болды, міне?! Бақылай алмағаны үшін ауыл әкімі сынға ұшырап жатыр. Таңқалатыным ауылдың жанына жұмбақ жұмыс орындары келіп, білгендерін істеп жатса, әкім түгілі «Әй, не бүлдіріп жатырсыңдар?» деп жай адамның өзі де барады ғой. Әкімдіктен тірі адам аяқ басқан жоқ компания жұмыстарын көруге. Ары-беріден соң бұл ауыл азаматтары өзіміз бас болып,  Астанаға шапқылап жүріп әкелдірген су құбыры болатын. Яғни, мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВТЫҢ  қабылдауында болып, сол кісінің көмектесуімен Қайнарға қаражат бөлініп су бағытталды. Көрмейсіз бе, енді соның өзі ырың-жырың болып жатыр. Күнде, ай сайын сұрамай-ақ қойсын, қала әкімінің өзі де тоқсан сайын есебін алуға болатын еді ғой.-деп күйінеді Қайнар ауылының тұрғыны Жәнібек НАУРЫЗБАЕВ.

Жәнібектің айтуынша, қазір су келіп тұрғанның өзінде оны үйге тартып алу әркімнің қолынан келе бермейді. Яғни, бірінде қаражаты жеткенімен атқаратын адамы жоқ, болған күнде нақты сонымен айналысатын фирмалар жүргізуі қажет. Ал бітпей жатып, дауға айналған осы жұмысқа тағы бір жауапты мекеме — «Семей су арнасы» МКК директоры Е. Сағындықовтың уәжі басқаша.

— Үйлердің іргесіне келген суды тұрғындар өз қаражаттарына ары қарай қабылдап алады. Оның өзіндік тәртібі мен талаптары бар. Біз барлық тұрғындарға үй ішіне тартатын су құбырларының бірыңғай типтік жобасын жасап шықтық, онда бәрі нақты көрсетілген. Сол бойынша жұмыс істеу қажет,- деді «Семей су арнасы» МКК директоры Еркен САҒЫНДЫҚОВ.

Онсыз да жолы жырымдалып, қалаға қатынауы күннен күнге күрделеніп бара жатқан Қайнардағы ауыз су құбырының жайы осы. «Судың да сұрауы бар» дегендей, суға бөлінген 467 миллион теңгенің 194 миллионы ғана игерілсе, қалған сома үшін кім жауапты? Қадағаламаған ауыл әкімі ме? Одан есеп сұрамаған Сәлімовтің өзі ме? Айтпақшы, ауыз су демекші, қалалық әкімдіктің алдындағы екі субұрқақтың біреуі қазір жұмыс істемейді. Оның да сұрауы кімде екендігі жұмбақ. Бесінші қабаттағы кабинетінен қараса көзінің алдында тұратын субұрқақтың неге істемей қалғанын «білмей жүрген» Ермак Сәлімов сон-а-ау Қайнардағы ауыз су құбырына бөлінген қаражаттың қайда кеткенін қайдан білсін?!

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Фото: Семей қаласы әкімдігінен

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.