Денис Теннің өліміне екінші күдікті Арман Құдайбергеновті сырттай қамауға алу туралы Алматы қалалық сотына өтініш түскен. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қалалық сот хабарында «2018 жылы 20 шілдеде Денис Теннің өліміне қатысты іске байланысты Алмалы аудандық сотына Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын сырттай қамауға алу туралы өтініш түсті. Күдікті қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен (кісі өлтіру) айыпталып отыр» деп жазылған. 

Денис Тен ісінде екі күдікті бар. Оның бірі — Нұралы Дәулетбекұлы Қиясов бүгін кінәсін мойындаған.

Видео: Денис Тен өліміне күдіктіні оқиға орнына алып келді

Екінші күдікті — 1994 жылғы Қызылорда облысының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлы іздестіріліп жатқаны туралы ақпаратты ішкі істер министрлігі хабарлады. Министрлік хабарламасында «күдіктінің бойы 165-170 см, жұқалтаң. Қара футболка, сұр джинсы, қара аяқ киімде болған» деп жазылған.

19 шілдеде Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 25 жасында пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан.

Жергілікті ақпарат агенттіктері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі сенбі — 21 шілдеде болатынын жазды. Оны Достық ауылындағы мазарға жерлейді.

Денис Тен 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2014 жылы Сочиде өткен олимпиада ойындарында қола медаль алған. 2015 жылғы «Төрт құрлық чемпионатының» (Азия, Америка, Австралия, Африка елдері қатысатын жарыс) жеңімпазы болған.

Фотогалерея: Денистің жеңіске жеткен сәттері

Спортшы бірнеше жыл Мәскеуде және Лос-Анджелесте жаттыққан. Ресейлік Татьяна Тарасова және Елена Буянова, Николай Морозовтың қол астында жаттыққан. Денистің негізгі бапкері америкалық Фрэнк Кэрролл еді.  

2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада чемпион атанған. 2010 жылы — Ванкувердегі, 2018 жылы Пхенчхандағы олимпиада ойындарына да қатысқан. Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан олимпиадада және әлем чемпионатында медаль алған алғашқы қазақстандық спортшы. Ол биыл қарашада Ресейде өтетін әлемдік Гран-при жарысына қатысуы керек еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.