Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис ТЕННІҢ өлімі мен Ішкі істер министрі Қалмаханбет ҚАСЫМОВТЫҢ отставкасын талап етуге қатысты генералдар пікір білдірді. Бұл туралы zhasalash.kz сайты хабарлайды.

Кеше түс ауа Алматының Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында екі адам өлтіріп кеткен болатын. Күдіктілер Нұралы ҚИЯСОВ пен Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. Біріншісі ұсталып, жасаған қылмысын мойындады. Екінші күдікті іздестіріліп жатыр. 1995 жылы туылған ол азаматтар Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлап жатқанда чемпионды пышақпен жарақаттаған. Көп қан жоғалтқан спортшы №12 ауруханада дүниеден озды.

Қазір Алматы, Ақтау, Шымкент, Орал т.б қалаларда Қазақстан халқы чемпиондарын жоқтап аза тұтып жатыр. Сондай-ақ, кешеден бері әлеуметтік желілерде ІІМ-нің басшысы генерал-полковник Қалмұханбет Қасымовтың отставкасы талап етіліп жатыр.

«Генерал Қасымовтың қарамағындағылар Жаңаөзен оқиғасында халыққа оқ атты. Халық тағы да алаңға шықса тағы да атамыз деп айтқаны ел есінде. Діни экстремизммен күресте дәрменсіздік танытты. Керісінше бейбіт шеруге шыққандарды жаппай қаматты. Бір адамдық пикетке шығалмайтын дәрежеге жеттік. Халықтың ІІМ-нің басшысын отставкаға кетуін талап етуі өте орынды. Өйткені, бұқараның полицияға сенімі жоғалған. Бір ғана Қасымовты емес тұтас жүйені өзгерту керек. Онсыз Қазақстан құрдымға кете береді.  Денис Тен қазақтың атын шығарған абзал азамат еді. Қыршын кетті. Өте өкінішті.Ата-анасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз…», — дейді Жас Алаш тілшісіне ішкі әскер қолбасшысының бұрыңғы орынбасары, генерал-майор Әмірбек ТӨГІСОВ.

Полицияның мәліметіне сүйенсек, Алматыда жыл басынан бері 1 688 автокөлік тоналып, 165 адам ұсталған. Оның 73 өзге облыстардан келген. Бұндай қылмысқа барғандардың 98,8 жұмыссыз жүргендер екен.Алайда, полиция әдеттегідей бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға азайған деп отыр.

«Машинаның айнасы үшін қазақтың бір туар азаматы мерт болды. Дүниежүзінің алдында масқара болдық. Чемпионымыздың құны бір көліктің айнасы болып кете барды. Ол қандықол қылмыскерлерді халықтың көзінше жазалау керек. Бұндай ауыр жағдай неден болды? Бізде барлық проблемалар жасырылады. Ашық айтылмайды. Қазір Денис Теннің ата-анасының жағдайын ойласаң ет жүрегің езіледі. Ол кісілерге, барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмның жаны пейіште болсын!», — деді Жас Алаш тілшісіне қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, генерал-майор Тоқтар ӘУБӘКІРОВ.

Денис Тенмен қоштасу рәсімі 21 шілде күні сағат 10-00 де басталады. Даңқты спортшы «Балуан Шолақ» спорт сарайынан ақтық сапарына аттанады.

Фото: lada.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.