Алматыда 23 шілде күні Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, онда қаладағы қауіпсіздік мәселесі, құқық қорғау органдарының жұмысы  талқыланды. Жиын 19 шілде күні қала орталығында пышақ жарақатынан қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді бір минуттық үнсіздікпен еске алу шарасынан басталды.

«2016 жылы Алматыда Руслан Күлекбаев жасаған оқиғадан кейін құқық қорғау органдары өздерінің ғимараттарын қоршаудан басқа ешқандай әрекет жасамады» деп сын айтқан кеңес мүшелері Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың жұмыстан кетуін талап етіп дауысқа салды. Ұсынысты Қоғамдық кеңестің отырысына қатысқан Алматы қалалық ішкі іштер департаменті өкілдерінен басқа адамдар түгел қолдады.

«Ішкі істер министрінің жұмыстан өз еркімен кетуін талап ету» туралы бастама көтерген қоғамдық кеңестің мүшесі Кәкімжан Бишманов «Ерте ме, кеш пе, мұны біреу айту керек қой. Бірнеше жылдан бері жұмыстарын бақылап келеміз. Еш нәтиже жоқ» деді.

Жиынға Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ғазиз Нұрқаев келді. Оның айтуынша, «2018 жылдың соңғы алты айында көлік ұрлығы бойынша қалада 136 іс тіркеліп, оның 42-сі ашылған».

Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов қалада болатын ұсақ ұрлық заттарының базарда сатылатынын» айтып, құқық қорғау органдары өкілдеріне «Базарда тексеру жұмыстары неге жүргізілмейді?» деп сауал қойды. Оған Ғазиз Нұрқаев «күдікті ретінде арыз түспесе өз тараптарынан еш тексеру жұмыстарын жүргізе алмайтындарын, тек заң аясында ғана жұмыс істейтіндерін» айтты.

Жиын барысында кеңес мүшелері «қарапайым адамдардың өзін-өзі қорғау үшін травматикалық қару ұстауына рұқсат беру» жөнінде заң жобасын қабылдауды сұрап парламентке хат жолдауға уағдаласты.

19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 25 жасында пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшының қазасынан соң қоғамда және әлеуметтік желіде қаладағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесі, полиция мен құқық қорғау органдарының жұмысы қызу талқылана бастаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.