Қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, қала тұрғындарынан олардың атына түсіп жататын арыз-шағымдар бойынша  оң нәтиже шығару үшін Семейдің әкімі Ермак СӘЛІМОВ  ұйқы-күлкіні ұмытып жүр. Обалы нешік сенбі күні кешкісін БАҚ өкілдерін ертіп алып, қоғамдық рейдке де шықты. Алайда, «Юность» кентіндегі соңғы аялдамаға келіп алып, әрбір автобустарды тексерген қала әкімі олардың қатынауынан мардымды мін таба алмады. Жүргізушілер қала әкімінің тексеруге шығатынын сезіп қойған ба, құжаттары түгел, дүйсенбіден енгізілетін жаңа кестеден хабары бар, уақытында қызмет көрсетіп жүрген болып шыға келді.

Қаладағы қоғамдық көліктердің ішкі жабдықтауына көңілі толмайтын жолаушыларда жоқ емес. Жас Алаш сайтына хабарласқан оқырманымыз Хасен ҚОЙШЫБЕКҰЛЫ автобустарда өзге елдің туларының ілініп тұруы дүрыс емес деген пікірде.

Семейде автобустар Ресей жалауын желбіретіп жүреді
Сәтжан Қасымжанұлының фотосы

«№39 көк түсті автобуста Ресей Федерациясының туы салонда ілініп тұр. Кейбір автобустарда Қазақстан мен Ресейдің байрағы қатар тұрады. Бейне бір өзіңді федерация құрамындағы мемлекеттің азаматы сезінеді екенсің. Мәселен АҚШ-тың қоғамдық көліктерде Мексиканың я болмаса көршілес Канаданың туы ілінбейтін шығар. Қазақстан отар болған ел. Бізге халық көп жүретін жерде азаттықтың символикаларын қоюымыз керек», — дейді Семей қаласының тұрғыны.

Тексеріске шыққан қала әкімі Ермак Сәлімовтың көзіне Ресей туының түскен түспегені бізге беймәлім. Жас Алаш тілшісі осы мәселеге қалалық әкімдік тарапынан қандай пәрмен болатынын білу мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан ЕСЕНЖОЛОВҚА хабарласты.

«Негізінде жекеменшік болғандықтан, олардың салон ішіне не ілсе де өз еріктері. Жалауша іле ме, басқа нәрсе қоя ма, ондай ісіне тікелей тыйым салу — заңға қайшы. Бірақ та, әрине, тек қана өздері қалаған елдің жалаушасын іліп жүру ағаттық. Ең алдымен Қазақстанда тұратындықтан, біздің мемлекеттік рәмізге де құрметі болуы тиіс. Тиісті автопарк басшысына бұған қатысты хабарласатын боламыз», — деді Н. Есенжолов.

Осыған ұқсас жағдай 2013 жылы Беларусь Республикасында болған. Минск қаласының тұрғыны Алесь МАЗАНИК қоғамдық көліктен Ресей туын көріп автобустың нөмірін жазып алып, «Абтобус паркінің» басшылығына арыз жазады. Басшылық техникалық ережеге сәйкес автобустың алдыңғы терезесіне  бөгде зат ілуге болмайды, сондықтан да жүргізушіден түсініктеме алып, сыйақысыз қалдырдық, — деп жолаушыға ресми жауап қатқан.

Жас Алаш тілшісі №39 автобустың қай мекемеге қарайтының анықтады. Ол «Таксомоторный парк» ЖШС-гі екен. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоғамдық көлікте келісім-шартқа сәйкес бөтен заттардың болмауы керектігін айтады.

«39 бағыттағы автобус «Таксомоторный парк» ЖШС-іне қарайды. Семейдің қоғамдық көліктеріне иелік ететін барлық автопарк басшылығымен арнайы келісім-шарт жасасқанбыз. Сонда қызмет ережесіне сәйкес, көлік салонында бағыттың сызбасы, диспетчерлік-анықтамалық телефон, автопарк-серіктестіктің атауы және келісім-шарт мәтіні ғана ілінеді. Ал, жалауша мәселесіне қатысты нақты сұрақты ішкі саясат анықтауы тиіс деп ойлаймын, — дейді Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Назым ЖАНБОЛАТОВА.

Фото: euroradio.fm

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.