Елу екінің өліміне бесеу кінәлі

34

Биылғы  қаңтар айында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Өзбекстанның 52 азаматы қаза болған автобустың өртеніп кету дерегі бойынша қозғалған іс сотқа жолданды.

Естеріңізде болса, 18 қаңтарда сағат 10:30-да Самара–Шымкент тас жолының 1068-шақырымында, Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде «Икарус» маркалы автобус өртеніп, 52 адам түтінге тұншығып қайтыс болған еді. Тек бесеуі ғана автобустан шығып үлгерген. Бұл оқиға бойынша  әртүрлі әңгімелер өрбіді. Дегенмен лап еткен жалыннан біреу-екеу емес, салондағы 52 жолаушының ешқайсысы қашып шыға алмай, орындықтарына жабысып қалғандай өрттің ортасында қалып қойғаны әлі күнге жұмбақ күйінде қалуда. Соған қарағанда оларға өрт шыққанға дейін ыс тиген-ау деген де жорамалдар айтылғаны рас.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, бұл іс бойынша бес адам айыпталушы деп танылған. Оның үшеуі автобус жүргізушісі және «Азия транзит сервис» ЖШС-нің екі қызметкері, нақтырақ айтсақ, құрылтайшы мен серіктестіктің механигі. Бұлардың міндеті рейске шығар алдында автобусты тексеру болған. Сондықтан компания құрылтайшысының әрекеті коммерциялық ұйымдарда міндеттеріне адал қарамау, екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға енгізу, сондай-ақ ресми құжатты қолдан жасау, көрінеу жалған құжатты пайдалану ретінде сараланды. Ал механиктің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға шығару ретінде, автобус жүргізушілерінің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу және екі және одан көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу ретінде сараланған.

Сондықтан сот автобус жүргізушілеріне қамауда күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау, серіктестіктің басшысы мен механикке қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасын таңдады. Cондай-ақ прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, автобус иесіне күзетпен қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы тағайындала отырып, халықаралық іздеу жарияланды.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.