Алматы облысының Панфилов аудандық сотында шілденің 23-і күні Қытай азаматы, «шекарадан заңсыз өтті» деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесі бойынша сот отырысы жалғасты. Жаркент қаласында өткен сот процесінде прокурор Арзыгүл Имярова айыпталушының адвокаты Абзал Құспанның процессуалдық келісім жасасу туралы ұсынысынан бас тартты. Прокурор келісімнен бас тарту себебін түсіндірмеді.

Бұдан соң судья Динара Құйқабаева соттың жарыссөз кезеңін 25 шілдеге белгілемек болған еді. Бірақ Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан 30 шілдеге дейін іссапарда болатынын айтып, сот отырысын 1 тамызға қалдыруды сұрады. Судья оны мақұлдады. 

13 шілдеде өткен сотта прокурор Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 — бабы («шекараны заңсыз бұзып өту») бойынша айып таққан. Қазақстан заңы бойынша, ол айыпты деп танылса, елден шығарылады.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасасуды сұраған. Ол өзіне Қытайда «саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын» мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын «саяси үйрену орталықтарында» жұмыс істеген, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Сайрагүл Сауытбай «заң бұзуға мәжбүр болғанын» айтады

Бүгін түске дейін басталған сот процесінде прокурор Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспанның процессуалдық келісім жасасу туралы өтінішін қарауға сағат 16-ға дейін үзіліс жариялауды сұраған.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм биыл мамырда әйелін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен ұстағанын хабарлаған. Кейінірек Сайрагүл Сауытбайдың Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырғаны белгілі болған.

Туыстарының айтуынша, «Сайрагүл Сауытбай Қытайда балабақшада жұмыс істеген және аймақтағы саяси тәрбие лагерьлерінде мұғалімдер дайындаған. Бюджеттен ақша алғандықтан ол мемлекеттік қызметкер санатына кіріп, Қытай оның сыртқа шығуына рұқсат бермей отыр».

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.