«Алтынтау Көкшетау» АҚ-ның жұмысшысы жарты тәулік бойы 80 тонналық тастың астында жатқан. 

Әйгілі «Алтынтау Көкшетау» АҚ өндіріс алаңында 25 жастағы машинисттің үстіне 80 тонна тас құлап, екі аяғынан айырылды. Экскаватор ішінде отырған машинистке таудан үгітілген алып тас құлап, жаншып тастаған. Бұл туралы Көкшетаудағы Жас Алаш сайтының тілшісі хабарлайды.

Мадияр ТІЛЕУБЕКТІ тастан арашалау дер кезінде мүмкін болмаған. Себебі, машинистті аса сақтықпен арашаламаса, тіл тартпай кетуі де мүмкін еді. Тау жынысына жаншылған жас жігітті құтқаруға қаншама арнайы техника жұмылдырылған. 3 экскаватор, бульдозер, жүк тиегіш, көтергіш краннан бөлек, Ақмола облысының ТЖД 50 құтқарушысы да көмекке келді.

Осылайша 80 тонна тастың астында жатқан жігіт жарты тәуліктен соң құтқарылды.  Жедел ауруханаға жеткізілген жігіттің жағдайы бүгінде өте ауыр халде. Дәрігерлердің айтуынша, Мадиярдың екі аяғын кесуден басқа амал қалмаған. Ішкі органдары түгел Астанадан алдыртқан медициналық аппаратқа қосулы. Оқиғадан бері есін жимаған Мадиярдың жақындары оның жағдайына алаңдаулы. Өткен апта ғана үйленіп, отау құрған жігіттің бір аптадан соң осындай сұмдық жайтқа тап боларын кім білген?!

Оқыс жағдайға байланысты  аймақтық баспасөз қызметінде  баспасөз мәслихаты болып өтті. Брифингте заң талаптарына сай қызметкердің жақындарына компания тарапынан көрсетілетін қызмет пен міндеттер жөнінде түсіндірілді.

Үстіне 80 тонна тас құлаған жігіт аман қалды

«Мекеме қызметкері Мадияр Тілеубекке қатысты барлық әлеуметтік қызметтерді, медициналық ем-дом шараларын түгел компания өтейді. Сондай-ақ компания атынан пәтер алып береміз. Жазылып өз өзіне келген соң, мүмкіндігіне орай компаниядан жұмыс та тауып береміз.» — дейді «Алтынтау Көкшетау»АҚ өндірістік және өнеркәсіптік қауіпсіздігінің атқарушы директоры Қанат ДҮЙСЕНХАНОВ.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.