Астананың «Көктал» шағын ауданындағы «Полянка» өндірістік кооперативіне қарасты саяжай тұрғындары үйлерінен күштеп көшіруге қарсы шығып, 24 шілде күні Сарыарқа аудандық әкімдігіне барды.

Саяжай тұрғыны Динара Шайлазимованың Азаттыққа айтуынша, әкімдік оларды «өз бетінше жерді басып алды» деп сотқа берген. Сайжай тұрғындары жерді 10 жылдан астам уақыт бұрын «заңды түрде алғанын» айтады.

— Бұл саяжайда жиыны 800-ге жуық үй бар. Қолымызда «саяжай кітапшасы» деп аталатын қағазымыз бар. Саяжайға өз күшімізбен су тартып, жол салдырдық. 2007 жылы заңдастыру болғанда үлгергендері үйлеріне құжат жасатып алды, үлгермегендері қалды. Мен өзім үйімді заңдастырып үлгере алмай қалдым. Құжат жасатып алғандадың біразына басқа жақтан жер берді. Енді билік екі ай ішінде жерді босатыңдар деп отыр. «Щебсклад» саяжайында ондаған адам «саяжай кітапшасы» деп аталатын құжатпен жер алған. Біз де осы құжатпен жер алғымыз келеді, — деді Динара Шайлазимова.

Оның сөзінше, қзір саяжайда «заңсыз салынды» деп танылған 160 үй бар, олардың 45-іне қатысты жерді босату жөнінде сот шешімі шыққан. Тұрғындар сот орындаушылары саяжайдағы үйлердің алдын 20 шілдеден сүре бастағанын айтады.

Сарыарқа аудандық әкімдігінің өкілі Ержан Жақыпов әкімдік сот шығарған шешімге қарсы тұра алмайтынын айтады. 

Қалалық қоршаған орта сапасын қадағалау басқармасының жер инспекторы Данияр Оразбеков Азаттық тілшісіне саяжай тұрғындарының қолындағы саяжай кітапшасы жерге меншік құқығын беретін құжат болып саналмайтынын ғана айтып, басқа сұрақтарға жауап бере алмайтынын білдірді.

Саяжайға жиналған тұрғындарға келген полицейлер Динара Шайлазимова мен тағы бір тұрғынға оннан көп кісі жинаса әкімшілік жауапқа тартылатыны туралы деген ескерту жасады.

Саяжай тұрғындарының наразылығы (18.07.2018)



Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.