Грекия билігі Афиныға жақын орманда тұтанған өрттен қаза тапқандар саны 50-ден асып кеткенін хабарлады. Құтқарушылар бұған дейін 24 адам қаза тапқанын хабарлаған еді.

Өрт Афиныдан батысқа және шығысқа қарай аумақты шарпыды. Елде ауа температурасы +40 градусқа дейін жетіп тұр. 

Өрт сөндірушілер мәліметінше, жүзден астам адам жараланған. Билік олардың кейбірінің халі ауыр болғандықтан, құрбандар саны ұлғаюы мүмкін деп қауіптенеді.

Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас өртке байланысты Босния-Герцеговинаға сапарын тоқтатты. Ол елдің басқа аймақтарындағы құтқару қызметін өртке жұмылдыруға пәрмен беріп, Еуропа Одағы мен әскерилерден өртті сөндіруге көмек сұрады.

Афинаның шығысындағы өрттен Мати елді мекені демде өртеніп кетті. Ал портты Рафина қаласында өрт қаланың шетінен орталығына қарай ауып барады. Жүздеген тұрғын үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды.

Қатты ыстық пен жел тұрған уақытта Афинадан батысқа қарай орналасқан, туристер көп келетін Кинетан қаласында да өрт шықты. Өрт түтіні 40 километр қашықтан байқалады. Аймақ орманды болып келеді және демалыс үйлері көп салынған.

Грекияда 2007 жылдан бері мұндай ауқымды орман өрті болмаған. Сол жылы Пелопоннес түбегінде болған өрттен ондаған адам қаза тапқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.