«96 миллионға салынған баспаналар заңсыз берілген»

663

Үкіметтің халықты жұмыспен қамту бағдарламасының орындалуына қатысты бөлінген бюджет қаражатының игерілуін тексерген ШҚО прокуратурасы Семей қаласының жұмыспен қамту орталығынан бірқатар кемшіліктерді анықтап отыр. Бұл туралы өңірдегі Жас Алаш тілшісі хабарлайды.

«Халықты көшіру бағдарламаларын тексеру кезінде де көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, Семей қаласының жұмыспен қамту Орталығына Айнабұлақ, Знаменка, Таңат және Приреченское ауылдық округтерінен облыс ішінде көшуге қатысу туралы 11 өтініш түскен. Алайда, көші-қон полициясы мен әкімдіктердің мәліметтері бойынша аталған ауылдарда осы отбасылар бұрын тұрмаған. Олар ауылдық округтарда өтініш берерден бірнеше күн бұрын тіркелген.Сөйтіп, оларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалпы құны 96 млн. теңге құрайтын 11 пәтер заңсыз берілген. Оларды қайтару мақсатында қала әкімдігіне қадағалау актілері енгізілді»-делінген ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде. 

Осы тұрғыда 96 млн теңге қаражатқа салынған баспаналардың қайда орналасқанын және 11 отбасының қазіргі күнде қайда тұрып жатқаны жайында «Жас алаш» тілшісіне сұхбат берген Семей қаласы жұмыспен қамту орталығының шағын несие беру және қоныс аудару бөлімінің бастығы Абай Мұқайұлы былай дейді:

-Қазіргі күнде облыстық прокуратураға бұл тұрғыда жауап дайындап жатырмыз. Ең басты айтатын жайт, бағдарламаға бөлінген қаражатқа сай жұмыстар жүргізілді. Қоныс аударған отбасылардың құжаттары қажетті сұраныс бойынша түгел келді. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуы төмен елдімекендерде тұратын мекен-жайы бойынша анықтамалықтың болуы, отбасы мүшелерінің жеке бас куәлігі, туу туралы куәліктері дегендей… Ал оның шын мәнінде ол ауылдарда нақты тұратынын немесе тұрмайтындығын тексеруге біздің құқымыз жоқ. Ал дамуы төмен ауылдарға тіркеуге тұруды сол ауылдың тұрғынымен келісімге келу арқылы да жүзеге асыруы мүмкін ғой. Оның үстіне еңбек ресурстарын арттыру бағдарламасында тығырыққа тірелген ауылдарда нақты қанша жыл тұрған болуы тиіс деген нақты мерзім көрсетілмеген. Ол жылдың басында немесе осыдан үш жыл бұрын тіркелді ме, тексеру біздің құзырымызға кірмейді. Ал енді жіліктеп айтар болсақ, Айнабұлақта Самай, Знаменкадан Сынтас, Таңаттан бұрынғы Социалистік Қазақстан және Приречное ауылдық округі бойынша Шөптіғақ елдімекендері бойынша 11 отбасы бүгінде Мұздыбай ауылында тұрып жатыр. Мұздыбай – Приречное ауылдық округіне қарайды. Осындағы «Мұздыбай-1» шаруа қожалығының иесі, кәсіпкер Талғат Баймұрынов 96 млн. теңге қаражаттың 10 пайызын өз қалтасынан төлеп, 2 пәтерлі 10 үйді мемлекеттік бағдарламаның қолдауына сай салып шықты. Яғни, 20 үйдің 11-іне жаңа айтылған отбасылар қоныстанып, «Мұздыбай-1» шаруа қожалығында жұмыс істеп жүр. Және бұл баспаналарды олар 5 жылдан кейін ғана өз меншіктеріне шығара алады. Ал, қазіргі күнде әр отбасы айына 9 мың 327 теңге жалға алу құнын төлеп тұрып жатыр. Осы тұрғыдан айтар болсақ, прокуратура хатындағы Үкімет тарапынан бөлінген 96 млн. теңге қаражат далаға кеткен жоқ. Бұл қаржы қоныстанған отбасылардың жалға алу құнын төлеу арқылы толықтай қайтарылады»-,дейді Абай МҮСӘПІРОВ.

Тағы бір айтар жайт, Мұздыбайға көшіп барған отбасылардың дені енді ғана шаңырақ көтерген жастар. Әлеуметтік жағдайын түзеп, еңсесін тіктеп болғанша мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға дер кезінде ілігіп отыр.

Фото: pavon.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.