Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша суы бар ауылға су тарту «операциясы» басталды. Казатком ауылында 105 үй бар. Алайда, жергілікті билік өкілдері 130 үйге су кіргізіп бермекші. Қызық, 25 үй қайдан шықты? Тіпті, сол үшін облыстық бюджеттен 345 миллион теңге бөлінген. Казаткомдықтар бұл мол қаражатты сусыз отырған көршілес елді мекендерге бөлсе дейді. Бірақ… Амандық БАТАЛОВ бастаған шенеуніктер  бастаған ісімізді аяқсыз қалдырмаймыз деп отыр. Ал ресми мәлімет бойынша Алматы облысында 100-ден аса ауыл сусыз отыр.

Суы бар ауылға су тарту «операциясы»

 

Ауыл тұрғындары атынан «Жас Алаштың» редакциясына жолданған хатта 1966 жылдан бері 615 тұрғыны бар шағын ауылды ауыз сумен толықтай қамтамасыз етіп отырған екі ұңғыма бар. 96 метр тереңдіктен ешқандай насоссыз, өз қысымымен шығып тұрған суды тұрғындар өз үйлеріне тартып алған. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылға жаңалап су тартпақ болып өкілдер келген күннен бастап ауылдың тынышы кетіпті. «Осыған дейін тап-таза, еркін ағып тұрған суды тоқтатып, жаңадан су тартып беру ақылға қонбайды» дейді казаткомдықтар.

«Ақшаның шеті көрінген бұл бағдарлама дәл қазір бізге қуаныш әкелмей, міне, үш жыл болды қырсық, кесірін тигізіп тұр. Ауыл, аудан әкімдері Еңбекшіқазақ ауданындағы суға зәру, су тапшылығының азабын әбден тартып, осылай ит қорлықты көріп отырған бес ауыл болса, 2015 жылы осы қосаққа су проблемасы жоқ біздің ауылды да алтыншы етіп кіргізіп жіберіпті», дейді ауыл белсендісі Қалиақбар ДОСЫМОВ.

Бір қызығы, ауыз су мәселесі жоқ кішкене ауылға «Ақбұлақ» бойынша бюджеттен Казаткомға 345 миллион (елдің айтуы бойынша 470 млн.) теңге қарастырылыпты. Ал, бұл ауылдан бес есе үлкен, ауыз су мәселесі ұшынып тұрған көршілес Ақши ауылына 153,4 миллион теңге бөлінген. Сөйткен Ақшиге су тарту үшін «Мөлдір» ЖШС жүргізген жұмыстар қазір тоқтап тұр. Көшелері қазылған, траншеялар қайта көмілмеген. «Мөлдір» бұл жұмысты жоспар бойынша 2015 жылдың мамырында аяқтауға тиіс болған. «Осы бағдарламаға іліккен бір де бір ауылдың суға қолы жетіп, қызығын көріп, мәре-сәре отырғанын көрмедік», дейді Досымов.

2018 жылдың 5 шілдесі күні аудан әкімінің орынбасары А.Досымбаевтың қатысуымен ауылда жиналыс өткен. Бірақ, жиналыста ешкімнің пікірі тыңдалмаған, мәселе дауысқа салынбаған. Аудан әкімінің орынбасары «ПСД жасалды, бәрі шешіліп қойған, тендер ойналды, подрядчик белгілі, ертеңнен бастап жұмыс басталады, техника келетінін айтуға келдік», депті. Ал, тұрғындар мердігердің кім екенін, нақты қанша ақша бөлінгенін де біле алмай дал.

«Ауылға су тартылады» деген сөз шыққалы тұрғындар аудан әкімінен бастап, облыс әкіміне дейінгі аралықта біраз құзырлы органдарға хат жазып, өтініш айтыпты. Бірақ, бірде бірінен оңды жауап болмаған. Ауыл бүкіл инфрақұрылымды өздері шешіп алған. Осыған дейін ауылда почта, мешіт, асфальт жол деген болмапты. Ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен бұл мәселелер реттелген. Елдің алаңдайтыны, осылай тартылған асфальт жолдың қопарылатыны. Сосын, су тарту ісі орта жолдан тоқтап қала ма деп қорқады.Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі ЫСҚАҚ ауыл тұрғындарының өтініш хатына былай деп жауап жазады:

«Казатком ауылына ауыз су 1966 жылы Кеңес одағы кезінде бау-бақша суару үшін қазылған екі ұңғымадан пластикалық құбырлар арқылы тартылған. Екеуі өздігінен ағатын ұңғыма 130 үйді 100 пайыз сумен қамтып отыр, алайда орталықтандырылмаған ауыз су жүйелерінің көздері санитарлық талаптарға сай емес».

Суы бар ауылға су тарту «операциясы»

Ауыл тұрғындарының көңілінен шықпайтын бұл жауаптың басты кілтипаны – «санитарлық талаптарға сай емес» деген сылтау. Тұрғындар өздерінің ең таза су ішіп отырғанына сенеді. Ауылдағы судың санитарлық жағынан қаншалықты тексерілгеніне де күмәнмен қарайды. Казаткомдықтардың негізгі күдігі – ауылдың тегін су ішіп отырғаны біреулерге ұнамайды, ешқандай насоссыз өз қысымымен шығып жатқан суды қайта тартып беріп, елдің тариф бойынша ақша төлеуін көздейді.

Жауапқа қанағаттанбаған ауыл тұрғындары «Ақбұлақтың» «арқасында» қазір не жолы жоқ, не суы жоқ болып отырған Ақшидің, сөткесіне 2 сағат қана су алатын Ащыбұлақ, Қаражота ауылдарының күйін кешкісі келмейтіндерін айтып облыс әкімі Амандық БАТТАЛОВҚА шағым түсірген. Хатта аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, мәжіліс депутаты Зағипа БАЛИЕВАҒА жазған өтініш-хаттардың жауабы егіз қозыдай ұқсас екені де айтылған. Облыс әкімі бұл істі орынбасарына, орынбасары аудан әкіміне, облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығына тапсырады. Бұл жауаптылардың ешқайсысынан оңды жауап келмеген.

Суы бар ауылға су тарту «операциясы»
Азаттық радиосының фотосы

Бұдан кейін 63 адам қол қойып, Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Р.Амировке ұжымдық хат жолдайды. Аудандық прокурор істі қайтадан облыс әкімінің орынбасары А.Байжановқа, аудандық әкімдікке сілтейді.

Қазір 345 млн. теңгенің 20 миллиондық сметалық құжаты дайындалған, Бір қызығы, тұрғындар ауылда 105 үй бар дейді, ал аудан әкімдігі жауап хатында 130 үй деп көрсеткен. Ауылда негізінен балалар мен зейнеткерлер тұрады, жастардың көбі жұмыссыз, сол себепті, әр үйге суды қайтадан тартып беріп, оны ақылы жасау ақылға қонымсыз дейді тұрғындар.

Біріне бірі сілтеген бұл мәселеде ауыл тұрғындары «бізге ештеңенің керегі жоқ, одан да сол ақшаны Ақшиге, суы жоқ басқа ауылдарға бөлсін», деп отыр.

«Республика бойынша бірінші орында тұрмыз» деп мақтанатын Алматы облысында 2017 жылғы мәлімет бойынша 741 ауылдың 622-сі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған ауылдарды 2020 жылға дейін 100 пайыз сумен қамтимыз деп уәде де берген. Демек, қазірдің өзінде 100-ден аса ауыл ауыз сусыз отыр. Бір қызығы, «бізде ауызсу мәселесі жоқ!» деп отырған Казатком да осы тізімге кіріп кетіпті.

Фото: qamshy.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.