Бас әріп сөз бастап кетті. Содан тоқтай алсашы… Жосыған нөпір сөздің ағынына ие бола алмай әбден састы. Шабытын іркіп, демін басып, жаңа тыныспен жаңа сөйлем бастайын деген… Нүкте таппай қажыды… Табанының бүрі жоқ үтір байғұс анда бір, мұнда бір қыстырылып жанұшырғанымен, тоқтаусыз тасқынды бөгеу мүмкін болмады. Бас әріп абыржып қалталарын әрі ақтарды, бері ақтарды, жан-жағын қарманды – нүкте жоқ. Қай қалтасын қараса да, сопаң етіп басы сорайған леп белгісі не киім ілгіштің ілмегіндей сүмірейіп сұрақ белгісі шыға келеді. Не істеу керек? Ойлап-ойлап, Бас әріп барымен базар жасайын деген тоқтамға келді. Бары – сол: жаңағы леп белгісі мен сұрақ белгісі… Алайда Басекең сұрақ белгісін ұнатпаушы еді. Өйткені сұрақ қойған соң, жауап беруің керек қой. Бас әріп леп белгісін таңдады. Ағыл-тегіл ақтарылып, қырман-топан жөңкіген кенеуі, тиянағы жоқ көп сөзді бір тоқтатса, сол тоқтатады деп ойлады. Әр сөйлемнің соңына бытырлатып леп белгісін қоя бастады. Желпініс, марқайыс, күпсу, күңірену, зілдену, сыздану, таңғалу, шаттану… Ұрандап сөйлеу, көпірген мадақ, лепірген мақтан… Ұрсу-зекіру, қорқыту-үркіту… Дарақы, одағай, әдепсіз сөздер… Ойxой, пай-пай, шоқ-шоқ… Уәде беру, ант ішу, серт байлау… Екі сөйлемнің бірі – бұйрық райда… Қойдай жыпырлаған момын әріптер қоғадай жапырылып, айдаған жағына жөңкіді. Екпінді сөздердің лебімен біресе қасқыр тигендей дүрлікті, біресе леп белгілері шошаңдап, әр сөйлем сайын күшейіп бара жатқан уағыз-лебізге сүттей ұйып, жаппай маңырады. Бірақ сөз бастаған серкеге лайық орнықты әңгіме, басалқы пікір айту үшін бәрібір сабырлы, салиқалы һәм салмақты нүкте керек екен. Үнемі күшеніп сөйлеуге мәжбүрлейтін леп белгісінен әріптер де зәрезап болды, Бас әріптің өзі де шаршады. Өз бедел-статусына лайық бір байсалды, терең сөз айта алмай қор болды. Оның үстіне леп белгісін бір қойған соң, тоқтай алмайды екенсің. Бас әріп қабағын түйіп, маңдайын тыжырды – ойланды. Нүктені бас-аяғы толық басқа бір… классикалық мәтіндерден ұрлап алғысы келіп бір оқталды. Алайда қауіпсіздік мәселесі қалай болар екен? Ол нүктелер бөтендігін жасап, өздерінің көзі үйренген мәтіндес-туыс әріптерін ала келіп, бұл сонша еңбекпен құрастырып жасап жатқан, өз ойынша, дүниеде теңдесі жоқ мәтіннің – кенеусіз, тежеусіз төгілген көп сөздің шырқын кетіріп жүрмей ме?

Бас әріп осыдан бір өзгеріс болар ма екен деген үмітпен бұрынғыларын өртеп, жаңа дәптер бастады. Баяғыша иелік бермей, жөн-жосықсыз лаққан есепсіз көп сөз… Баяғыша жыпырлап-қаптап, қойша маңыраған топас әріптер… Қаққан қазықтай, әлде қалқиған қарақшыдай болып әр тұста бір шаншылған леп белгілері… Тоқтай алмады… Өзгерген түк те жоқ. Алғашқы абзацтың өзін аяқтау мүмкін болмады. Соңында орнықты, ойлы, нығыз нүктесі бар тұрлаулы сөз, баянды лепес, ақыры, айтылмады.

Амалы таусылған Бас әріп енді жан-жақтан, өзге әріптестерінен қарызға нүкте сұрап сабылды. Зәру дүниеге қойны-қонышын толтырып алып, жаңа серпінмен тағы бір жаңа дәптер бастап кеткен. Бірақ бөтеннен алған, қарызға болса да, уақытша тегін келген мол дүниеге ие болу қиын екен – тарыдай шашылған көп ноқат әр сөзінің, әр сөйлемінің соңына топырлай жауып, бытырай қашып есті шығарды. Мұны пунктуацияда «көп нүкте» дейді. Нүкте қойып үйренбеген Бас әріптің сөздері, басқа проблемасы аздай, енді екіұштылау, көмескі, жасқаншақтау шыға бастады. Бұл  сөз бастаған көсемге мүлде жараспайтын нәрсе. Ет қызумен қарызға келген бар нүктені шашып бітірген Бас әріптің әбден басы қатты. Тоқтай алмағаны өз алдына, өтеуі қиын қаншама борышқа батты!.. Соны уайымдап, ұйқысы қашты. Оның үстіне мына қойдай топырлаған көп әріп тоқтай алмағандарына, берекесі кеткендеріне кінәлі деп, бұған біраздан бері қатты наразы екен. «Мәтінді қайта бастау керек» деген күңкілді, саңырау емес қой, құлағы шалып та жүр. Ең жаманы – топ-топ болып жасырын-ашық ұйымдасып, әр топ өз араларынан бір-бір әріпті бас қылып, мұның орнын көздеуге көшкен. Ойлары – солардың бірін бұның орнына Бас әріп қылып сайлап, далиып, жойдасыз жайылып кеткен ұшы-қиыры жоқ мағынасыз мәтінге нүкте қойып тоқтату. Бас әріптік лауазымнан үміткерлер болашақ жаңа мәтіннің мазмұнын белгілеп, бағдарламасын жасап та қойған-мыс. Айтуларынша, о бастан мазмұны айқын мәтін ғана жақсы басталып, сәтті аяқталмақ. Айқын, терең, сара сөз ғана  керекті нүктені өзі таппақ екен. Міне, мәселе қайда!..

Осының алдын алмақ болып, бұл шұғыл әрекетке көшкен – өте-мөте белсенді наразылық көрсетіп жүргендердің біразын ұстап алып, сұрақ белгілерін тыққан қоқыс қалтасына сүңгітті. Енді біреулерін ерінбей шұқылап, мәтіннен теріп алып, айдалаға қуды. Наразы екеніне көзі жетпесе де, сөз-сөйлем ішінде көбірек қолданылып, жиі көзге түсіп кеткендерді есебін тауып, жан-жаққа лақтырды. Сөйтіп, тоқтар жері, түбі, тиянағы көрінбесе де, Бас әріптің есебінше, әзірге берекесі сүттей ұйып тұрған ұлан-ғайыр, ұшы-қиырсыз ұлы мәтінге іштен іріткі салып жүргендерден жақсы құтылды. Бірақ нәтижесі қуантарлық болмады – аласталып кеткен әріптердің орны үңірейіп, мәтін былыққан қатеге толды. Бас әріп бастаған үшбу жазба енді  ешқашан бітпейтін ғана емес һәм ешкім ештеңе түсініп болмайтын жансыз таңбалардың қоқыған тау-тау үйіндісіне айналды.

Ақыры, Бас әріп шаршады… Қырық жыл бойы шұбатып, аяқтай алмаған мәнсіз, мағынасыз, түпсіз-шексіз құрдым мәтінді кез келген жерінен қидалап, қырқып, кітап қылып шығара бастады.

Ақпарат құралдарының xабарлауынша, жақында жүз бірдеңесінші томының тұсаукесері өтпек.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.