Осыдан бірнеше күн бұрын Қызылорда облыстық соты ғимаратын қоршау жұмыстары басталған болатын. Қаланың қақ ортасында орналасқан мекеме жан-жағы арнайы шарбақтармен қымтай бастаған. Алайда, бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырды. Әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушылары бірінен соң бірі жарияланымдар жазып, құрылысты дереу тоқтатуды талап етті. Облыстық соттың неден қорқатындығы көпшілік үшін түсініксіз болып қалды.

«Жеке басым бұл шарбақтың қойылғанын құптамаймын. Билік өкілдері халық үшін әрқашан ашық әрі қолжетімді болуы керек. Оның үстіне бүгінгі күні соттың қызметіне жүгінетіндердің саны өте көп. Құзырлы орган қызметкерлерінің барлығы халыққа қызмет етушілер. Фемида өкілдері осыны түсінулері керек. Бұл шарбақтардың қауіпсіздік үшін қойылып жатқанын түсінуге болады. Дегенмен, билік пен халықтың арасын алыстатып жіберетініне сенімдімін. Ертеңгі күні қарапайым тұрғындар үшін сот ғимаратына кірудің өзі мұңға айналады», — дейді қала тұрғыны Рустам МАУШЕВ. 

Қызылорданың судьялары кімнен қорқады?

Қызылорда облыстық сотының ғимараты орталық алаңда орналасқан. Жаңадан қойылған қоршау жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп тұр.

«Бұл қоршау орталық алаңның сәнін де қашырып тұр. Облыстық және қалалық ішкі істер департаменті ғимараттарының айналасы да қоршалған. Келген тұрғындар азаңнан кешке дейін күннің астында, сыртта керек қызметкерді сабылып күтіп тұрады. Сотқа келетіндер де ертеңгі күні дәл осылай қиналатын болады.Оның үстіне бұл құрылыстың қаншалықты заңды жүргізіліп жатқанын зерделеу қажет. Құқық қорғау органдары осы мәселені назарға алулары керек», — дейді тағы бір қала тұрғыны Сәбира СМАҒҰЛОВА. 

Расымен, аталмыш құрылыс заңсыз жүргізіліп жатқандығын Қызылорда қаласы әкімдігінің өзі де растап берді. Рұқсатсыз қоршау қойғандардың мәселесін қала әкімі назарға алыпты.

«Қазіргі таңда бұл мәселе Нұрлыбек НӘЛІБАЕВТЫҢ қатаң бақылауында. Осы орайда, қазіргі күні қоршау жұмыстары тоқтатылды. Аталған аумаққа шарбақ орнатуға қала әкімдігі келісім бермеген. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың 21 мамырында соттар әкімшісі ғимарат айналасына қосымша жер табыстау туралы өтініш берген болатын. Алайда, жер комиссиясы бұл өтінішті қанағаттандырусыз қалдырған еді. Яғни, қоршау қою — заңсыз әрекет болып табылады», — деп мәлімдеді Қызылорда қаласының әкімдігі. 

Аталған мәселеге байланысты ресми мәлімет алу мақсатында облыстық соттың баспасөз өызметіне хабарласқан болатынбыз.

«Қазіргі таңда құрылыс тоқтатылған жоқ. Ғимараттың айналасы қоршалатын болады. Бұл мемлекеттік күзетілуі тиіс обьектілерді айқындау қағидасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыс. Бүгінгі күні шарбақ сот ғимаратына тиесілі аумаққа салынып жатыр. Біз қала әкімдігінен соттың алдындағы шлагбаум орналасқан жолды сұраған болатынбыз. Ол жерге рұқсат берілген жоқ», — деп мәлімдеді Қзылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Осылайша, биліктегілер өзара түсініспей, шу шығуда. Ендігі кезекте, тәртіпті бұзған сотқа қандай жазаның қолданылатындығын күтеміз. Фемида өкілдері өздеріне қандай үкім оқитындығынын қадағалайтын боламыз.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.