Шарова Шәкәрімді біле ме?

899

Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ биылғы жылдың үлесіндегі 160 жылдығын атап өтуді семейлік атқамінерлер қажетсінбейтін тәрізді. Біртуар тұлғаны ұрпақ жадында ұлықтау мақсатында жоғары деңгейде мәдени шаралар өткізуге де жыл басынан әлі күнге дейін назар аударылған емес. Басқасын былай қойғанда, өмірбаянында көрсетілгендей Шәкәрімнің туған күні ескіше де (11 шілде), жаңаша да (24 шілде) еске алынып, жергілікті атқарушы билік тарапынан «бірдеңе білетіндіктері» байқалуы тиіс болатын. Қаланың қақ төріндегі саябақта орналасқан ақын ескерткішіне гүл қойылып, әндері орындалып, өлеңдері оқылған мәдени шараны да көзіміз шалмады.

Бұл, әрине, қаланың қауырт тірлігінен қолы босамайтын қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТЫҢ қаперінде болмаса да оның идеология жөніндегі орынбасары Надежда ШАРОВАНЫҢ ұлы тұлғаға құрметі қандай екендігін көрсетеді. Әкімдердің «әліппесіне» айналып кеткен «Рухани жаңғыру» аясында болатын ұсақ-түйек шаралардың бәрінен көрініп қалуға ұмтылатын Семей руханиятына жауапты шенеунік өзі бас болып Шәкәрім ескерткішіне бір тал гүл қоя алмағаны ұят-ақ.

«Семей Алаштың астанасы», «Семей ұлылардың ізі қалған қала», «Семей- еліміздің рухани-мәдени астанасы» деп қанша жерден жалықпастан жақ талғанша айтсақ та мұның бәрі бос сөз екенін осыдан-ақ көруге болады. Анығын айтқанда біздің қалалық әкімдіктің мәдени саласында отырғандардың қайсы болмасын, алдындағы қағазының шеңберінде ғана қимылдайтындар. Орыс тілді басшылардың арқасында қаладан қазақы рух жоғалып бара жатқанын несіне жасырамыз?! Әйтпесе, басқа, басқа Шәкәрімнің ескерусіз қалатын жөні жоқ еді. Жергілікті шенеуніктерге міндетті түрде жоғарыдан пәрмен, нұсқау түсуі керектігіне осының өзі бір дәлел емес пе?! Ал жоғары жақ – Мәдениет министрлігі тарапынан Шәкәрімнің даналық сөздерін, әндерін насихаттау, кітаптарын шығару қолға алынса «Рухани жаңғыруға» үн қосқандығын көрсетпей ме? Шындығы керек 1988 жылы ақталғаннан кейін жарық көрген «Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары» атты кітабынан соң ешбір туындысы жаңадан басылып шыққан жоқ. Шәкәрім атындағы университетте де ғылыми-конференция ұйымдастырылып жатса, қуанар едік. Оған да зиялы қауымды, зерттеуші-ғалымдарды шақырып жатқан ешкім көрінбеді. Білмеймін, оны ұйымдастыруға қаншалықты ақылдың керегін?!  Менің ойымша, Шәкәрім тойы деген аста төк дастархан жайып, киіз үй тігіп, ішіп-жеу емес, ұлттық құндылығымызды ұрпаққа ұқтырып, моральдық ахуалы нашарлаған қоғамды жақсылыққа шақыру»,-дейді абайтанушы ғалым Асан ОМАРОВ.

Расында да ғалымның күйінетін жөні бар. Алдындағы қағазда көрсетілген бағдарламалардан басқаға бас ауыртпайтын қала басшылығы үшін ұлт тұлғасының туған күнін «ұмытып» кеткеніне қарап, Шәкәрімнің кейбір өлеңдерін «Мұтылған» (яғни, ұмытылған) деген атпен жазғанын өз әлдерінше солай түсінгені ғой деп пайымдадық.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан Шәкәрімнің 160 жылдығына көңіл аудару тұрмақ, оның аты берілген даңғыл бойындағы қатені жөндеуге де қауқары жоқ. Яғни, Шәкәрім даңғылы мен Уәлиханов көшесінің қилысындағы бағдаршам үстіндегі мына бір сорақы қатені бөлім басшысы Назерке АҚҚОЖИНАҒА жүз қайталап айтсақ та, түзетуді қолына алар түрі көрінбейді. Бөлім басшысы, бұл қалалық ТҮКШ бөлімінің атқаратын ісі екенін айтып ақталғанымен, бір кездесуде тамызға дейін дұрыстауға уәде берген болатын. Ал қазір шілденің соңы таяп келе жатыр… Ғайыптан тайып 160 жылдығы тойланар болса, Абай, Шәкәрім, Мұхтардың ізі қалған қаланы тамашалауға келген құрметті қонақтардың көзіне «Шәкәрим данг» түссе, не деп кетер еді?! Қала әкімі Ермак Сәлімов пен орынбасары Надежда Шарова бір сәт Шәкәрім ескерткішінің алдына аялдаса, мына бір өлең жолдарын түсінер ме екен?!

«Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,

Арға ие басшының соңынан еріңдер…»

Фотолар автордікі. 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.