Жапонияда бірқатар елдерде тыйым салынған «Аум Синрикё» діни ұйымының тағы алты мүшесін дарға тартты. Осылайша осы айда Токио метросында теракт жасады деп айыпталып, өлім жазасына кесілген 13 азаматқа қатысты сот үкімдері толық орындалды.

Шілде айының басында «Аум Синрикё» ұйымының жетекшісі Сёко Асахару (Тидзуо Мацумото) мен ұйымның өзге алты мүшесі дарға тартылған.

2014 жылы жапон соты 1995 жылғы наурызда Токио метросында көп адамның қазасына себеп болған шабуылға айыпты деп танылған Сёко Асахару мен оның 12 жақтасын дарға тарту туралы үкім шығарған болатын. Метрода зарин газын қолданып жасалған шабуыл салдарынан 13 адам қаза тауып, алты мыңнан аса адам зардап шеккен.

Әлемнің бірқатар елінде қызметіне тыйым салынған «Аум Синрикё» экстремистік тобының ісі бойынша сот процесі 20 жылдан астам уақытқа созылған. Адвокаттары сот үкіміне шағым түсіріп, Жоғарғы сотқа дейін барғанымен, үкім күшінде қалған. Соңғы бірнеше жылда Мацумото өз отбасы мүшелері немесе адвокаттарымен кездесуден бас тартқан.

«Аум Синрикё» ұйымы 1980 жылдары Жапонияда құрылған. Кей мәліметтер бойынша, ұйымға мүше адам саны 30 мыңнан 50 мыңға дейін жеткен.

 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.