Бүгін Алматы қаласы Медеу аудандық ішкі істер басқармасы ғимаратының алдында зейнеткер Райса Дүйсенбаева «жалғыз адамдық» наразылық шарасын өткізді.

Қолына «Билік пен құқық қорғау органдарына реформа керек. Бұл — менің отаным, бұлай айтуға құқым бар» деп орыс тілінде жазылған плакат ұстаған қарт зейнеткер «23 маусым күні Медеу аудандық ішкі істер басқармасы тарапынан қудалау көріп, жапа шеккенін» айтты.

 — 23 маусым күні Төле би көшесінде орналасқан ескі алаңда қыдырып жүрген едім. Сол маңда  музыка үні шығып жатыр екен. Жақындап барсам құқық қорғау орган өкілдері жүр екен. Олар өздерінің мерекесі екенін айтты. Сосын кетіп бара жатыр едім, мені ұстап алып, осы Медеу аудандық ішкі істер бөліміне жеткізді. Ол жерде менің телефонымды тексереміз» деп тартып алды. Телефонымды әлі берген жоқ. Сұрасам «қалалық ішкі істер департаментінде» дейді. Олар «бізде жоқ» деп қайтарды. Қазір біз құқық қорғау орган өкілдерінен қорқатын болдық. Олар бізді қорғамайды, керісінше қорқытады. Сондықтан мен құқық қорғау органына реформа керегін талап етемін, — дейді зейнеткер.

Медеу аудандық ішкі істер басқармасының алдына плакат көтеріп келген зейнеткерді құқық қорғау өкілдері сырттай бақылап тұрғанымен ешкім кедергі жасамады.

Кейін Дүйсенбаев қолындағы плакатын ішкі істер басқармасының кезекшісіне тапсырып кетті.

 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.