Қазақстан бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов жұма күнгі брифингте қылмыстық саясатты ізгілендіруді көздейтін кампания аясында билік босатайын деп отырған бес мың сотталушының қатарына ауыр қылмыс жасағандар кірмейтінін мәлімдеді.

“Ауыр қылмысы үшін сотталғандарды оның үстіне қарақшыларды, күш көрсетушілер мен кісі өлтірушілерді ешкім босатайын деп отырған жоқ” деп Ахметжанов қоғам арасында бұл мәселе төңірегінде қате пікір тарап кеткенін де атап өткен.

Шілде ортасында қабылданған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 31 шілдеде күшіне енеді. 

Бұл заң аясында сотталушылардың жаза өтеу мерзімін қысқарту және күш қолдануға қатысы жоқ қылмыстар бойынша жазаны өтеу жағдайын жұмсарту көзделген.

Оған сәйкес, ірі емес және ауырлығы жағынан орта деңгейдегі, адам өлімімен байланысты емес 250-ден астам қылмыс бойынша балама жаза ретінде қоғамдық жұмысқа жегу жазасы енгізіледі. Бас прокуратураның айтуынша, «меншікке қарсы, экономикалық және қызметтік 11 ауыр қылмыс бойынша бас бостандығын шектеу көзделген. Айыппұл көлемі азайып, оны төлеу мерзімі алты айдан үш жылға дейін ұзарады».

Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл ізгілендіру кампаниясы аясында бес мың сотталушыны босату көзделген, бірақ олар бір мезгілде түрмеден босатылмайды.

Кейбір жергілікті сарапшылар мен заңгерлер «саяси» деп есептейтін кейбір баптардың ізгілендіру кампаниясынан тыс қалғанына алаңдайды және «бұл заң жемқорлық қылмыстары үшін жазаны жеңілдетуді ғана көздейтін сияқты» дейді.

 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.