Түркістанда көкөніс арзан, баспана қымбат

574

«Облыс орталығы мәртебесін алған Түркістан қаласында бәрі қымбаттап жатыр. Азық-түлік пен жылжымайтын мүліктің бағасы шарықтап кетті». Әлеуметтік желілерде, БАҚ-та кейінгі кезде осындай ақпараттар жариялануда. «Жас алаш» сайтының өңірдегі тілшісі осы сауалға жауап іздеу үшін Түркістан қаласына барып, жаңа орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді.

Көкөнісі арзан қала

Түркістан Шымкент қаласынан 160 шақырым қашықтықта жатқан қала. Жеңіл көлікпен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолы арқылы оған шамамен бір жарым сағатта жетіп баруға болады.Соңғы жылдары Түркістан қаласында көптеген жаңа ғимараттар бой көтерген. Қалаға жылына 1 миллионнан астам турист келеді. Оның басым бөлігі «Әзірет Сұлтан» кесенесіне, осы өңірдегі әулилерге зиярат етушілер.  Сондықтан қалада қоғамдық тамақтандыру, қонақ үйлер, дүкендер желісі көптеп салынған. Мұнда азық-түлік, тамақ салыстырмалы түрде алғанда арзандау. Мәселен, қала орталығында орналасқан заманауи стильде салынған асханаларда түстікті шамаммен 700 теңгеге ішуге болады. Ал кейбір шағын асханаларда оны 500 теңгеден ұсынатын кәсіпкерлер де бар.Шымкентпен салыстырғанда азық-түлік бағасында айтарлықтай өзгеріс жоқ сияқты. 

-Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттардан кейін біз азық-түлік бағасына зерттеу жүргіздік. Баға әзірге бір қалыпты. Қайта керісінше, бізде көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы өзге өңірлерге қарағанда арзан. Кейбір тауар түрлері маусымдық сұраныстарға байланысты құбылып тұрады. Бұл жылда болып жататын жағдай,-деді бізбен сөйлескен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани РЫСБЕКОВ.

Расында да Түркістанның сауда орталықтарында  көкөніс пен  жеміс-жидектің бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен Шымкентте 100 теңге тұратын қызанақтың бір келісі мұнда 50 теңге.  200-250 теңгелік қарбызды 50 теңгеден сатып алуға болады. Ал 500-600 теңгелік қауынды 300 теңгеден таба аласыз.

Жалпы Түркістанда сауда-саттық жақсы дамыған. Мұны қала ішінде сауда орталықтарының көптігінен де аңғаруға болады. Қала халқының көпшілігі осы кәсіппен күн көреді. Қазақстанның батыс аймақтарында орналасқан Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының саудагерлері  тауарларды негізінен Түркістаннан келіп алады. Себебі Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойында жатыр, оның үстіне Түркістан арқылы өтетін жолаушылар пойыздарының жүру кестесі де саудагелер үшін өте қолайлы.

Біз қаладағы қонақ үйлердегі бағаны да білген едік. «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жақын жерде орналасқан, барлық жағдайы жасалған қонақ үйге бас сұқтық. Әкімшісі бізге мұнда бір номерді жалдау құны тәулігіне 4 мың теңгені құрайтынын айтты.  Айтпақшы, қаладағы қоғамдық көліктердегі жолақы автобустарда -40 теңге, микроавтобустарда — 50 теңге тұрады.  

Пәтер тапшы

Десек те, облыс орталығы болып жарияланғалы киелі қалада жер мен жылжымайтын мүліктің құны біршама көтерілген. Бұрын 600-700 мың деп тұрған жер телімінің бағасы қазір миллионнан асып жығылады. Сондай-ақ, өңірде пәтер жалдау құны да 5-10 мың теңгеге өскен. Біз жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайы білу үшін қаладағы 1 мөлтекауданға барып, көпқабатты үйлерден жалдайтын пәтер іздеп көрген едік.Түркістанда пәтерге деген сұраныс өте жоғары болып шықты.

Қалада оқу орындары көп. Сол себепті пәтер жалдайтын студенттер жиі кездеседі. Олар пәтерден айырылып қалмау үшін тіпті каникул кезіндегі пәтерақыларын да алдын ала төлеп кетеді,-деді бізбен сөйлескен  Гүлшат есімді келіншек.

Оның айтуынша, жалдау құны пәтердегі жайлылыққа байланысты. Жөндеу жүргізілмеген пәтерлердің жал ақысы 15 мың теңгеден басталады. Ал барлық жағдайы жасалған, тіпті ішінде жихазына дейін орнатылған пәтерлердің құны 45-50 мың теңгенің шамасында.

Қазір Шымкенттен келушілер жалға пәтерді осы мөлтекаудандағы көпқабатты үйлерден іздейді.  Жер үйлерге сұраныс аз. Себебі Түркістанға табиғи газ енді келіп жатыр. «Көгілдір отын» жоқ үйге от жағу керек.  Ол үшін көмір түсіру керек, бір адам үнемі үйде пештегі отқа қарап отыруы тиіс. Жайлы өмірге үйренгендер осынысынан қашады. Сондықтан олар пәтерді  орталық жылу жүйесіне қосылған көпқабатты үйлерден іздейді. Бізде қазір құдайға шүкір, жылудың сапасы өте жақсы,-деді Гүлшат.

Келіншек бізге төртінші қабатта орналасқан, орташа жөндеу жүргізілген, бір бөлмелі пәтерді айына 35 мың теңгеге жалға ұсына алатынын айтты. Ал мына суреттегі, мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес шатыры, дәліздегі есік –терезелері жаңартылып жатқан, ауласында балалар спорттық алаңшасы бар үйдің төртінші қабатында орналасқан 2 бөлмелі пәтерді қожайыны 6 миллион теңгеге саудалап отырғанын білдік. 

Қызметкерлер 1,5 жылда баспанамен қамтылады 

Түркістан облыс орталығы болғалы мұнда облыстық деңгейдегі шаралар көп өтуде. Облыс әкімі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ өзі де екі күннің бірінде Түркістанда. Жаңа орталықта облыстық мәслихаттың сессиясы, қоғамдық кеңестің отырысы, басқа да мәдени іс-шарар өтуде. Ж.Түймебаев  қыркүйекке дейін Түркістанға облыстық әкімдікке қарасты 24 басқарма мен министрліктердің өңірдегі аумақтық департаменттерінің көшіп баратынын мәлім еткен еді. Бүгінге дейін жаңа орталықта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі ашылды. Ал біз барған күні мұнда Қаржы министрлігінің облыстағы құрылымдары, соның ішінде облыстық салық департаменті көшіп келіпті. Мекемелер  Түркістан қаласы бойынша салық басқармасының ғимаратына жайғасқан. Жоспар бойынша өзге мекемелер алдағы тамыз айында толығымен көшіп бітуі тиіс.

Мемлекеттік мекемелер қаладағы жекеменшік ғимараттарды да жалдауы мүмкін. Осыған байланысты ел арасында «бизнесмендер тойханаларын, қонақ үйлерін мекемелерге өте қымбат бағаға ұсынып жатыр екен» деген сөздер айтылуда. Осы сөздің анық-қанығын білу үшін Түркістан қаласының әкімі Әліпбек ӨСЕРБАЕВПЕН тілдескен болатынбыз. Әкім алдын ала байбалам салуға ешқандай негіз жоқтығын алға тартты.

-Біз алдағы уақытта мемлеттік мекемелерге  жылжымайтын мүліктерін жалға ұсынамын деген кәсіпкелердің басын қосып, өзара келісімге келеміз.  Екі жақтың да мүддесі ескеріледі. Жалға беруші кәсіпкерлерді де түсінуге болады. Олар мемлекетке салықтан бөлек, коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Мәселен, мемлекеттік мекемелерде электр энергиясына шығыны көп болады. Сондықтан екі жаққа тиімді бағаны ортадан шығаратын боламыз. Мемлекеттік қызметкерлер жалдайтын пәтерлердің иелерімен де келісімге келеміз. Оларға да талап қойылады. Жалға пәтер ұсынушы салық органдарында тіркелген болуы тиіс. Өйткені қызметкерге пәтер шығындары осы пәтер иелірінің берген құжаты негізінде төленеді,- қала әкімі.

Айта кетері, өткен аптада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанға көшетін басқармаларда істейтін қызметкерлердің басын қосып, жиын өткізген болатын. Әкімнің айтуынша, Түркістан қаласына көшіп баратын мемлекеттік қызметкердің еңбек ақысына 20 пайыз қосылады. Жыл сайынғы еңбек демалысы күнтізбелік 30 күнге қосымша экологиялық күнтізбелік 7 күн мерзімінде сауықтыру демалысы беріледі. Сонымен қатар, жыл сайын сауықтыруға арналған төлемдердің үстіне бір айлық көрсеткіш көлемінде материалдық көмек төленеді. Осылайша мемқызметкер еңбек демалысы кезінде жалпы 3 материалдық айлық ақы алатын болады. Бұдан бөлек, аймақ басшысы облыс орталығына көшіп баратын қызметкерлерге уақытша тұратын Түркістан, Кентау қалаларынан пәтерлер мен қонақ үйлердің, жатақханалардың тізбесі анықталып жатқандығын айтты. 

-Бұл үйлерді жалдап тұруда республикалық бюджеттен әр қызметкерге ай сайын 81 600 теңгеден жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, келісім шарт негізде жұмыс жасайтын барлық қызметкерлер  жатақханалармен қамтылатын болады. Түркістан қаласында жеке салушылар есебінен 6 көпқабатты тұрғын үй, яғни, 15,6 мың шаршы метр болатын 288 пәтердің  құрылысы басталған. 2019 жылы құрылысы бітіп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, сондықтан да жас мемлекеттік қызметкерлерді «7-20-25» бағдарламасына қатысуға шақырамын,-деді Ж.Түймебаев.

Өңір басшысының айтуынша, алдағы 1,5 жыл ішінде барлық қызметкерлер қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Мемқызметкердің еңбек өтілі 10 жылдан жоғары, меншігінде пәтер тіркелмеген жағдайда тиісті Ережеге сәйкес оған қалдық сомасымен қызметтік пәтері жеке меншікке берілуі мүмкін.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.