Атыраудан ақжолтай хабар! Қызылқоға ауданының орталығы Миялы елді мекенінен оңтүстік–батысқа қарай 23 шақырым қашықтықта орналасқан Сорқуыс деген жерден Алашорда көсемдерінің бірі, дәрігер, ғалым, публицист Халел Досмұхамедовтың (1883-1939) тұрған үйі анықталды. Жергілікті өңірде ол «Халел ставкасы» деген атаумен жақсы таныс. Бұл туралы Жас Алаш сайтының Атыраудағы тілшісі хабарлайды.

Қызылқоғадағы «Халел ставкасы» мемлекет қарауында болуы тиіс
Жас Халел

 «1939 жылы жазықсыз атылған Халел Досмұхамедов 1958 жылы ақталғанмен, еліміз тәуелсіздік алғанша оның өмір жолын, мұрасын зерттеуге көп ешкімнің батылы бара қойған жоқ. 1994 жылы сол кездегі аудан әкімі Есенгелді НҰРШАЕВ  бұл араға «Халел ставкасы» деген тас белгі орнатты. 2007 жылы этнограф, тарихшы ғалым Серік ӘЖІҒАЛИЕВ ауданға этнографиялық экспедиция жүргізді, мен оған топограф ретінде қатыстым. Биыл маусымда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ставканың орнын таптық. Қазір бұл жұмысты тиянақтап жатырмыз», — Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары, экспедиция жетекшісі Сейілхан МИРАШ.

Ресей архивтерімен жұмыс кезінде осыған байланысты елең еткізерлік екі дерек анықталған. Оның біріншісі: Ресей Мемлекеттік кітапханасының картография бөлімінің сирек қорынан табылған «1816 жылғы Орта Азия картасында» бұл ара «Зимнее ханское жилище» (Ставка хана Есима) деп белгіленген.

Қызылқоғадағы «Халел ставкасы» мемлекет қарауында болуы тиіс
1816 жылғы карта

1941 жылғы КСРО  Қорғаныс министрлігі картографиясына да дәл осы нүкте «ставка» деген атаумен түсіпті. Тарихқа сүйенсек, 1795 жылы Нұралы ханның баласы Есім ақ киізге отырып, хан сайланады. Осы жерге Оренбург губернаторы әкімшілігінің ұсынысымен хан кеңесінің үйлері салынбақ болады. Оған қаражат та бөлініпті. Бірақ, сол тұстағы Сырым батырдың көтерілісі Есім ханның өлімімен аяқталып, жоба жүзеге аспай қалған.

-Меніңше, бұл жағдай кездейсоқтық емес. Халел – осы жердің тумасы, мықты этнограф, шежіреші болған адам. Оның содан бір ғасырдай уақыт бұрын тура сол жерді Есім ханның мекендегенін білгені анық. Ғалым хан ордасын қайта жаңғыртып, Алаш қозғалысының ордасына айналдырғысы келуі мүмкін. Әйтпесе, оның Тайсойған болыстығына, Кермеқас деген жердегі алаштың алғашқы мектебі, лазареті орналасқан Қызылүйге орналасуына болар еді. Ставкада алғашқы болып Есім ханның тұрғанын айту Халелдің беделін түсіреді деп ойламаймын, — деп тұжырымдайды Сейілхан Мираш.

Тағы бір мәлімет бойынша, 1912-1913 жылдары бұл арада оба ауруына қарсы пункт, яғни медициналық орталық жұмыс істеген.

Бір қызығы: 1918 жылы Халел ставкасына Мұстафа Шоқай әйелі Марияммен бірге барады. Бұл сапарын Мариям «… Қызылқұрт (Қызыолқоға) поселкесіне келдік. Бұл поселкеде Мұстафаның осы Халил Досмемет (Халел Досмұхамедов) тұрады. Біз оның үйіне аялдадық. Поселке жанынан Ойыл өзені ағады. Бұл жерде татарлардың үйлері болған. Үлкен жәрмеңке орналасқан (базар). Жан-жақта түгелдей — құм шағылдар. Шыбын-шіркей көп… Досмемет бізді шын көңілмен қуана қарсы алса да тез кетуге асықтым» (М.Шоқай. Таңдамалы. Екінші том. Алматы, Қайнар, 1999) деп жазған.

Халел Орынборға Құрылтайға бара жатқан Мұстафа мен зайыбына ат мінгізіп, арбаға отырғызып, құрметпен шығарып салады.

Қызылқоғадағы «Халел ставкасы» мемлекет қарауында болуы тиіс
Ставка маңындағы нысан. ХІХ ғасырдың соңы

Алаш қайраткері тұрған үйдің төменгі қабаты бүтін де, үстіңгі жағы сақталмапты. Әр жылдары бұл мекенді малшылар мекен еткен. Кірпіштерін қора-қопсы салуға, басқа да мақсаттарға тасып алғандар болған. Дегенмен, экспедиция мүшелері оның түпнұсқасын тауып отыр. Ставкадан 14 шақырым жердегі Махамбет Өтемісұлының інісі Ыбырайымның баласы Сұлтануәйіс атаның 1870-1880 жылдары салынған, бүгінге міні құрамай жеткен үйі оның жобасын айнытпай қайталайды екен. Бұл жөнінде Сұлтануәйіс атаның шөбересі, шырақшы Бағытжан Құлқайыров мәлім етеді. Бұдан басқа, үйдің жанындағы құдық та сақталып қалған, одан әлі күнге тұщы су шығады.

Биыл — Халел Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл. Соған орай алдағы күзде Атырауда республикалық ғылыми конференция өткізу жоспарланып отыр. Одан бөлек, кезек күттірмейтін міндет — тарихи мекенді қалпына келтіріп, мемлекет тарапынан қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгізу болып отыр. Ставка орны көлденең кісілерден, ірі қара малдан, табиғи жағдайлардан зардап шегуі мүмкіндігін ескерсек, бұл іс тездетіп қолға алуды сұрап-ақ тұр.

Фотоларды ұсынған Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.