Талдықорған қаласында Оңтүстік Корей дәрігерлері жетісулықтарға тегін медициналық көмек көрсетіп жатыр. Қазірге дейін шетелдік білікті мамандар ондаған адамға ота жасап үлгерген. Тегін көмектің сыры туралы жиын барысында Орта Азия Консулдық кеңесінің төрағасы Ли ДЖЕ ВАН жеткізді. Елшінің айтуынша, отызыншы жылдардың соңында жер аударылған қандастарына қазақ халқы  баға жетпес  көмек көрсеткен. Бұл сол жақсылықтың өтемі.

«Сол кездегі елімізді басқарып отырған басшылардың елді сонша қинап, босқын атандырғанына қайран қаламын. Сіздердің арқаларыңызда ата-бабамыз тірі қалып, бүгінде ұрпағы өсіп-өнуде.   Қаратал өңіріндегі  Бастөбе ауылында  «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монумент бар екен. Онда барып көріп, гүл шоқтарын қойдық.  Бұдан ары қарай екі ел арасындағы қарым-қатынасты  жандандыру ойда бар. «Хенде» ауруханасы мамандарының Қазақстанға келуі де жақсылыққа жақсылық қайтарғымыз келгендігінің айғағы», – дейді ол.

Талдықорған қаласында өткен «Ел бірлігі – Рухани қазына» атты конференцияны облыстық әкімдік, Қазақстан  халқы Ассамблеясы және аймақтық корей этномәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Жиында екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен медициналық әріптестікті жандандыру мақсатында келісімшарт жасалды.

Әлемдегі дамыған он мемлекеттің қатарына кіретін корейлердің ғылымда жеткен жетістігі көп. Соның ішінде медицина саласы да айтарлықтай дамыған. Айталық, бүгінгі таңда елді алаңдатып отырған  қатерлі ісік сырқатын емдеуде  кәрістер жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Сол себепті де, біздің отандастарымыз ол жаққа барып, дертіне шипа тауып жататыны да рас. Міне, осы бір жайт Оңтүстік корей өкілдерінің Қазақстанға ат басын тіреуіне себеп болған.

Кәріс мамандары нақты көмекті бастап та кеткен. Айталық, Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада 12 дәрігер тұрғындарға тегін көмек көрсетуде. Тексерілуге тек жеке бас куәлігін апарса жеткілікті.  Онда терапевт, невропатолог, ортопед дәрігерлер бар.  Оңтүстік Корей елінен келген дәрігерлер диагнозды өздері қойып, емді өздері жүргізеді. Мәселен, екі тәуліктің өзінде шетелдік дәрігерлер 20 талдықорғандыққа ота жасапты. Кейбір сырқаттарға тегін дәрі-дәрмек те таратқан.

Осы ретте, бір айта кетерлік  жайт – қонақтарды осыдан аз уақыт бұрын қолданысқа берілген Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының мүмкіншілігі мен заманауи құрал-жабдығы қызықтырыпты. Сонымен бірге, олар Қазақстанда өздерінің алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіншілік жасалса, медициналық көмек көрсетуді ұзақ мерзімге созу да ойларында бар екенін жеткізді.

Жиын барысында  «Хенде» ауруханасының директоры Ким Бу Собқа облыстық әкімдік тарапынан  Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, Қазақстандағы корей  ассоциациясының вице-президенті, философия ғылымдарының докторы Ким ГЕРМАНДЫ «Тхоныль» қоры атынан марапатталды.

Фото Асылан Қажекенікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.