Ішкі істер министрі Қалмахамбет ҚАСЫМОВТЫҢ отставкасын талап етуді емес, заңды күшейтуді қолға алу керек. Мұндай пікірді Жас Алаш тілшісіне ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы генерал-майор Владимир РЫБИНСКИЙ білдірді.

Генерал-майордың пікірінше, заңдарды гумманизациялау қылмыскерлерді тайрандатып қойған. Ол үшін өлім жазасын енгізу керек дейді.

«Бізде жеңіл заңдар бар. Сосын бір келі картош ұрлаған адамды соттап жібергенше, кісі қанын төккендерді қатаң жазалау керек. Өлім жазасы болмаса болмайды. Денис Тен бе, басқа ма қарақшыларға бәрібір. Олар алда сол қылмысы үшін не күтіп тұрғанын білсе ауыр қылмыс жасамайды», — дейді Владимир Рыбинский.

Даңқты спортшы Денис Тен 2018 жылдың 19-шілдесінде авто ұрылардың қолынан қаза тапқан еді. Әлеуметтік желі қолданушылары министр Қалмұхамбет Қасымов пен Алматы қаласы ІІД-нің басшысы Серік КҮДЕБАЕВТЫҢ қызметтен кетуін талап еткен.

«Ішкі істер министрлігін көп жылдар бойы өз адамы басқармады. Қасымов мырза осы саланың маманы. Қатардағы полиция болып еңбек жолын бастап, осындай қызметке келіп отыр. Отставкаға кетуін талап еткен, заңды күшейтуді қолға алу керек», — дейді ішкі істер саласының ардагері.   

Қалмахамбет Қасымов отставкасын қолдаған генералдар да жоқ емес. Тағы бір ішкі істер саласының ардагері, генерал-майор Әмірбек ТӨГІСОВ қоғамның бұл талабын қолдап, Жас Алаш сайтының тілшісіне сұхбат берген.

«Генерал Қасымовтың қарамағындағылар Жаңаөзен оқиғасында халыққа оқ атты. Халық тағы да алаңға шықса тағы да атамыз деп айтқаны ел есінде. Діни экстремизммен күресте дәрменсіздік танытты. Керісінше бейбіт шеруге шыққандарды жаппай қаматты. Бір адамдық пикетке шығалмайтын дәрежеге жеттік. Халықтың ІІМ-нің басшысын отставкаға кетуін талап етуі өте орынды. Өйткені, бұқараның полицияға сенімі жоғалған. Бір ғана Қасымовты емес тұтас жүйені өзгерту керек. Онсыз Қазақстан құрдымға кете береді.  Денис Тен қазақтың атын шығарған абзал азамат еді. Қыршын кетті. Өте өкінішті.Ата-анасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз…», — деген Ішкі әскер қолбасшысының бұрыңғы орынбасары, генерал-майор Әмірбек Төгісов.

Айтпақшы, бүгін министр Қалмұхамбет Қасымов іссапардан оралды. Денис Теннің өліміне қатысты брифингте журналисттер генерал- полковникті іздеген еді. Вице-министр Рашид ЖАҚЫПОВ басшысының іссапардан оралған соң журналисттермен кездесетінін айтқан болатын.

Фото: patrul.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.