Ертүріктің бесігі атанған Түркістан алдағы жылдары Өзбекстанның туристік қалалары – Самарқанд, Бұхара, Хиуамен бәсекелесіп, Түркі  әлемінің астанасы, облыс орталығы және туризмнің ордасы ретінде дамиды. Мұндай пікірді жуырда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев елімізге танымал 40-қа жуық сәулетші мен археологтар, тарихшылар мен өнер қайраткерлері бас қосқан жиында айтты. Жиынға қатысушылар Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жайлы ой-пікір бөлісті.

  – Түркістан қаласында бой көтеретін тұрғын үйлер көпқабатты болмайды. Себебі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспауы керек. Барлық жерде кесене мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ баспаналар ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай  өзгеше тарихи келбетпен бой көтереді.

Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» концепциясы жасалды, оның басты бағыттарының бірі туристік индустрияны дамыту болып белгіленді. Жобаның негізгі идеялық мәні – Түркістан қаласын Түркі әлемінің тарихи астанасы контексінде ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерге насихаттау, – деді  өңір басшысы.

Түркістанды түрлендіруге республикадағы барлық облыс атсалысады. Киелі қалаға әрбір өңір бір-бір нысаннан салып беріп, Түркістанның дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Қазірдің өзінде салатын нысанның жөн-жобасын жасап қойғандар да бар. Мәселен, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов Түркістанда «Астана» деп аталатын бақты салып беру жөнінде ниет білдіріпті.

Түркістанды түрлендіру, туризмнің орталығына айналдыру жобасы үш аумақтан тұрады. Бірінші аумақ– Кожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңы. Мұнда 21 қазақ ханы, 41 батыр, 19 би жерленген және Күлтөбе қалашығы орналасқан. Екінші аумақ – кесененің маңында арбат, демалыс орындары, қонақүй, мейрамханалар, этносаябақ, музейлер, қолөнер бұйымдарын сататын дүңгіршектер салынбақ. Статистикаға  сүйенсек, кесенеге келген туристердің 80 пайызы Түркістанға түнемей кетеді екен. Мұның басты себептерінің бірі – қонақүйдің аздығы, демалыс орындарының жоқтығы, тарихи дүкендердің болмауы. Үшінші аумақта әкімшілік-іскерлік орталық орналасады. Мұның ішінде облыстық әкімдікке қарасты  24 басқарма,  түрлі министрліктердің өңірдегі филиалдары, ҰҚК, сот, прокуратура,  полиция сияқты құзырлы органдардың ғимараттары болады. Сондай-ақ тұрғын үйлердің құрылысы, жаңа театр, спорт сарайлары, Конгресс-холл және өзге де халық пайдаланатын ғимараттар әкімшілік-іскерлік орталықтың жоспарына енгізіліп отыр.

Әмір Темірдің Алтын орданың ханы  Тоқтамысқа қарсы шыққан жорығында Ұлытаудың тасында шағатай тілінде өз сөздерін қашап жаздырып кеткен екен. Ол жерде «Мен Тұранның патшасымын» деп жазылған. Тұран – Түркістан дегенді білдіреді. Ақсақ Темір Әзірет Сұлтанға арнап кесенені Түркістанда бостан-босқа салдырған жоқ. Ол сол кезде Түркістан түркі әлемінің ордасы болатынын білген. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын тойлаған болатынбыз. Бірақ,  негізі, Түркістан қаласына – 2200 жыл. Бұл да алдағы уақытта толығымен дәлелденетін болады. Түркістанның төңірегі жатқан байлық, тұнған тарих екені белгілі. Түркістан қаласын дамытуда, құрылыс нысандарын салуда  шығыс стилін пайдаланып, көне түркі жазуларын, тарихи жәдігерлерді негізге алу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Сіздерді де қолдауға шақырамын. Расында да, бұл Түркістан облысының ерекшеліктерінің бірі болмақ, – деді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Бауыржан Байтанаев.

Жиында тарих ғылымының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов Жансейіт Түймебаевқа Ұлы Жібек жолының картасын салтанатты түрде тапсырды. Бұл құжат XV ғасырдан қалған жәдігер екен.

Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыдағы Ғылым академиясында тарихқа қатысты үлкен жиын өтті. Оған Қытайдағы Бейжің университетінің профессоры Линь Мэйцунь де қатысты. Біздің тарихымызды тыңдап, арнайы шақырғанымызға риза болған ол сонау XV ғасырда басылған картаның көшірмесін сыйға тартты. Әлемде бұл картаның көшірмелері бір қолдың саусағының санына да жетпейді. Ал түпнұсқасы Гонконг банкінде сақтаулы тұр. Оның құны – 20 миллион АҚШ доллары. Қытай профессоры өзіндегі екі көшірменің біреуін бізге сыйлады. Картада Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қалалар мен өзендер белгіленген. Ішінде Түркістан қаласы да бар. Болашақта Түркістан облысының орталығы – Түркістанда үлкен музей салынатынын естідім. Сондықтан осы аса құнды жәдігерді Түркістандағы музейге тапсыруды жөн деп таптым, – деді профессор.

Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы туристік нысандарды салуда  жергілікті материалдарды пайдалану қажеттігіне тоқталды. Отырар, Түркістан, Сайрам сынды тарихи жерлердегі кірпіштерді құю құпиясын зерттеп,  құрылыста пайдаланылатын болады. Мәселен, Самарқанд, Бұхараның сәулетшілері мен дизайнерлері орта ғасырлардағы табылған кірпіштерді қайталап жасап шығаруда.

 –Жуырда сол елдегі мамандармен жолығып,  бізде жұмыс істеуге көндірдім. Алдағы уақытта Отырардағы, Сайрамдағы, Түркістандағы кірпіштердің көшірмесін жасап, оны пайдаланатын боламыз.Түркістан білім мен ғылымның, туризмнің ордасына айналуы тиіс. Мұнан соң, Түркі   академиясын осында көшіруге келіссөздер жүріп жатыр. Ондағы мақсатымыз – түркі дүниесі классиктерінің еңбектерін басып шығару. Алдағы уақыттағы ең маңызды оқиғалардың бірі – энциклопедияның жарық көруі. Ол кітап бүкіл түркі дүниесі, қазақ халқы жайында сыр шертетін болады, –деді Жансейіт Қансейітұлы.

Түркістан облысы баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сай,  қазірде қаланың шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Ондағы әкімшілік-іскерлік орталықтың жалпы аумағы 170 гектар болады. Оның 30 гектарына көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, келешекте қалашықта 65 мыңға жуық адам тұрады.  Сондай-ақ облыс әкімдігі, территориалды мекемелер, құқық қорғау органдарының күштік құрылымдары, мәдениет үйлері, көрме орталығы, мектеп, саябақ, демалыс орындары орналасады.   Айта кетерлігі, бүгінде Түркістан қаласындағы халық саны 162 мыңға жуықтайды.  Шаһарда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2017 жылы жалпы көлемі 33 368 шаршы метрді құрайтын баспана пайдалануға берілген.

Жуырда бірінші вице-премьер Асқар Мамин Түркістанға арнайы келіп, қаланың дамуына қатысты жиын өткізген болатын. Осы жиында  қаланың бас жоспарына халықаралық байқау жарияланғаны белгілі болды. Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалынатын жаңа бас жоспарды екі кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды.

– Біріншісі – түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы және Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасының үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастырылады. Сондай-ақ Астана қаласының тәжірибесін ескере отырып, қаланың бас жоспарын әзірлеу үшін Астана бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынамын. Екінші кезеңде қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып, қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспарды әзірлеуге кірісу. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол картасына әзірленген жобаға сәйкес, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет, – деді Өскенбаев.

Түркістанға жылына келетін туристердің саны 1 миллионнан асады. Оның ішінде 160 мыңдайы шетелдіктер. Болашақта бұл көрсеткіш еселеп артатын болады. Себебі  облыстың туристік потенциалын толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан–Шымкент, Түркістан–Ташкент жүрдек пойыздарын  ашу жоспарланған. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын бастау қарастырылған. 2018 жылдың I тоқсанында  Түркістан қаласына келушілер саны 375 869 адамға жеткен, бұл  жоғарыдағы көрсеткіштің  57,2 пайызға  артқанын көрсетіп отыр.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.