Түркістан облысында шағын суқоймалар салынуда

 2025 жылға қарай адамзаттың ең басты проблемасы ауызсу болуы мүмкін. Жер шарының 70 пайызын су құрайды. Сөйте тұра әлем халқының 70 пайызы сусырап отыр. Басты себеп – тұщы судың жетіспеушілігі. Бұл проблема Орталық Азиядағы бес мемлекетті, оның ішінде Сырдарияның соңында отырған Қазақстанды да айналып өтпейді.

2015 жылы қырғыздың бұрынғы президенті Асқар Ақаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында:  «Орталық Азияда судың басында қырғыздар, ал соңында қазақтар отыр. Ендеше, келешекте кім ұтып шығуы мүмкін – мұнайға бай ел ме, әлде суға бай ел ме?» – деген екен. Әрине, экс-президенттің сауалының астарында біраз саясаттың, сонымен бірге шындықтың жатқанын жоққа шығаруға болмайды.  Дегенмен бір нәрсе ақиқат: егер Қазақстан  су қорларын тиімді әрі үнемді пайдаланса,  дәлірегі, барды бағалай білсе, онда бізде ешқандай су тапшылығы болмайды.

Су ресурстарын тиімді басқару, үнемді технологияны пайдалану, ысырапқа жол бермеу «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасының ең басым бағыттарының бірі болып саналады. Осы бағдарлама шеңберінде Түркістан облысында  жақсы бастамалар қолға алынды.  Соның бірі – ауыл шаруашылығында тамшылатып суару әдісін қолдану. Тамшылатып суару әдісі әрі ағын суды үнемдейді, әрі егістіктен алынатын өнімнің түсімін көбейтеді. Жаңалықты жатырқамайтын түстіктің шаруалары бұл әдісті де тез қабылдады. Қазіргі уақытта республикада тамшылатып суару әдісі енгізілген егістің 70-80 пайызы бір ғана Түркістан облысына тиесілі. Осының өзі-ақ көп жайтты аңғартады.

Облыста тамшылатып суару әдісін жақсы меңгерген шаруашылықтардың бірі – Шардара ауданында мақта егумен айналысатын «Иіржар Агро» ЖШС. Жуырда біз осы аталған шаруашылықтың жұмысымен арнайы барып танысып қайттық. Шаруашылықта биыл 300 гектар жерге шит себілген. Егістік заманауи үлгідегі инновациялық тамшылатып суару әдісімен суарылады.  Ақ ұлпа әжептәуір бой көтеріп қалыпты. Жүйектердің арасы да тығыз. Тамшылатып суаруда адам күші толықтай техникамен алмастырылады. Мақтадан мол өнім алуға да септігі орасан.

Былтыр ауданда мақтаның орташа өнімділігі гектарына 28,4 центнерді құраған болса, осы шаруашылықтың өзінде бұл көрсеткіш 55 центнерге жетті. Яғни 1600 тонна артық мақта жиналған. Инновациялық технологияны енгізудің арқасында екі есе өнімге қол жеткізіп отыр. Осынау әдістердің тиімділігін және ұтқырлығын жергілікті басқа да шаруаларға түсіндіріп, насихаттап келеміз. Соның нәтижесі болар, биыл «Иіржар Агро»  ЖШС-нан бөлек, тағы да үш шаруашылық тамшылатып суғару әдісіне көшіп  отыр, – деді бізді шаруашылықтың жұмысымен таныстырған Шардара ауданының әкімі  Болатбек Қыстауов.

Айта кетері, жалпы, Түркістан облысында су қорларын сақтау, соның ішінде суқоймалар салу, қолданыстағы суқоймаларды жөндеу, сыйымдылығын арттыру бағытында бірнеше жоба қолға алынуда. Айталық, Төлеби ауданында кезінде қараусыз қалып қойған төрт суқойманың арнасы тазартылып, қайта жөнделді. Сондай-ақ аймақтағы ағын су жүретін арналардың 120 шақырым жері аршылды. Соның нәтижесінде таулы аймақтағы суармалы егістік жердің көлемі тағы 400 гектарға ұлғайып отыр. Енді диқаншылықпен айналысамын деген шаруаларға су дайын тұр. Бұған дейін ағын судың аздығынан ауыл тұрғындары егістік жеріне жоңышқа, жүгері секілді дақыл егуден әрі аспайтын. Енді судан тапшылық болмайтынына көзі жеткен соң, жұрт табысы мол дақыл түрлерін егуге қам жасауда.
Былтыр Түркістан қаласы маңындағы Үшқайық ауылдық округінде жаңа «Қарашық» шағын суқоймасы пайдалануға берілген болатын. Суқойма жалпы қоры 2 миллион текше метр суды сақтауға қауқарлы. Суқойма енді 350 гектар аумақты суғаруға тікелей септігін тигізеді. Болашақта Түркістан өңірінде  мұндай суқоймалардың саны арта түспек. Бұл жайлы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев: «Оңтүстік Қазақстан облысында келешекте 30-ға жуық суқойманың құрылысы басталады. Нәтижесінде суды тиімді пайдаланып, оны сақтап, суармалы жерлерге жұмсауға болады. Осылайша облыста егістіктің көлемі артып, жергілікті жұртты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ең бастысы, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше екпін береді», – деп мәлімдеген болатын.

Өңірде жайылымдарды суландыру,  құдық қазу жұмыстары да жалғасуда. Мәселен, 2015 жылы облыста 202 құдық қазылса, оның 47-сі мемлекет тарапынан субсидияланды. 2016 жылы 273 құдық қазылып, олардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан қолдау қаржыға ие болды. Былтыр 167 құдықтың  105-і мемлекет есебінен қазылды. Биыл жыл  соңына дейін, жоспарға сәйкес, 120 құдық қазылатын болса, келер жылы олардың саны 200-ге жеткізілмек. Алдағы жылы облысымызда ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі 802,5 мың гектарға ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ алдағы төрт жылда 209 700 тұрғыны бар 84 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыста жаңартылатын энергия көздерінің 14 жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы қуаты 173,3 МВт-ты құрайтын 10 жобаны 2025 жылға дейін аяқтау қарастырылуда.

Жалпы, Шардара ауданы – республикалық маңызы бар жолдардан, теміржол байланысынан шеткері жатқан аудан. Инфрақұрылымның нашар болуы өңірдің дамуына кері әсер етуде.  Әйтпесе айдын шалқар көлі бар, теңізінде тайдай тулаған балығы бар Шардара суқоймасы туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Дегенмен ауданда қазір осы бағытта жақсы жобалар қолға алынуда. Суқойманың жағалауын көркейтіп, туристік нысандар салу көзделуде.

–Шардара ауданы – жағажай туризмін дамытуға қолайлы аймақ. Дегенмен бұл аумақ орман қоры жерінде болды. Жуырда үкіметтің арнайы қаулысымен жағажай маңындағы 255 гектар жер аудандық коммуналдық меншікке берілді. Яғни бұл енді ауданның меншігінде болып саналады. Бүгінгі таңда осы 255 гектар жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталмақ. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, мұнда 60 нысанның құрылысы қаралған, оның ішінде 30 қонақүй бой көтереді. Тартылатын инвестиция көлемі – 6,7 миллиард теңге, оның ішінде мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына 1,7 миллиард теңге жоспарлануда. Мамандардың мәлімдеуінше, жағалаудағы нысандар құрылысын бастауға, жер учаскесін алуға көптеген инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде  мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, туристер саны көбейеді деп күтілуде. Айта кетерлігі, мұнда қазір тұрақты жұмыс істеп тұрған екі демалыс аймағы бар. Ол – Golden Beach және «Сыр нұры». Онда өзіміздің облыстардан бөлек, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден туристер жиі келеді. Бүгінде Шардараға келіп жатқан туристердің қатары көбеюде. Мәселен, былтыр келген туристердің саны 50 мың адамға жетті, – деді аудан әкімі Болатбек Қыстауов.

Аудан әкімінің айтуынша, келесі жылдан бастап инвесторларға жағалаудан жер беріле бастайды. Шардарада кезінде кіші авиация жұмыс істеген. Ол аэродром бүгінгі таңда аудандық коммуналдық меншікте. Аудан әкімдігі қазір SCAT авиакомпаниясымен келіссөздер жүргізуде. Егер компания қаржы құйса, әкімдік ол жерді беруге әзір. Келушілердің саны 150 мың адамға жетсе, әуежайды іске қосуға болады.

Жалпы, бүгінде Түркістан  облысы аумағында 43 суқойма орналасқан. Оның  20-сы республикалық, 13-і облыстық,  төртеуі аудандық коммуналдық меншікте.  Ал  алтауы жекеменшікке берілген.  Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен Тоғыс, Сасықбұлақ, Ақылбексай суқоймаларында 984,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017-19 жылдары 11,1 млрд теңгеге төрт суқойма  (Шардара, Таушаға, Досан-Қарабас, Бөген суқоймалары) күрделі жөндеуден өткізілетін болады.

«Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы негізінде өңірде  16 жаңа суқойманың құрылысы жүргізілмек.  Сондай-ақ тасқын суға қарсы 70 нысанда инженерлік жұмыстар іске асырылады.  Аталған жоба жүзеге асқанда  320 млн текше метр топан су  қабылдап, 17 мың гектар суармалы жерді суғаруға мүмкіндік туады. Мұндай мәліметті  Ж.Түймебаев үкіметтің селекторлық мәжілісінде мәлім еткен болатын.

–Облыста жыл сайын 2 млрд текше метр судың ағып кететіндігіне  көз жеткіздік. Ауыл шаруашылығына бейімделген және жаз айларында су тапшылығына ұрынатын аймақта көктемгі тасқын суды тиімді мақсатқа пайдалану ең басты мәселе болып табылады. Сондықтан да облыстың аумағында әзірге 16 шағын суқойма салып, суармалы егістік алқаптарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Аталған нысандар аймақты тасқын судан қорғап, егіншілікті дамытуға тікелей септігін тигізетін болады. Енді бюджеттен қосымша 250 млн теңге қаржы бөліп, тағы да тоғандар мен суқоймалар салу үшін тиісті жобалау, жоспарлау жұмыстарын жүргіземіз, – деді өңір басшысы.

Б.ЕРНАЗАР

Түркістан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.