Шешенстанда 2017 жылдың басынан бері ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдерін қудалауға байланысты 125 адам елден кетіп қалған. Бұл жайында «Коммерсантъ» басылымы Ресейдегі ЛГБТ желісі белсенділеріне сілтеме жасап хабарлады. Олардың есебінше, құқық қорғау органдары 49 адамға қысым көрсетіп, жыныстық азшылық өкілі екенін мойындатқан, таныстары туралы мәлімет алған.

Ұсталған 37 адам құқық қорғаушыларға өздерін ұзақ уақыт қамауда ұстағаны және азаптағаны туралы хабарлаған. ЛГБТ өкілдерінің көптеген туысы мен серіктері қоқан-лоқы жасалғанына байланысты республика аумағынан шығып кеткен. Олардың бір бөлігі Ресейден кетіп қалған, басқалары кетуге дайындалып жүр.

Ресейдегі ЛГБТ өкілдері Ресей билігінің Шешенстанда гейлердің қудаланып жатқанын жоққа шығаратынына алаңдайды. БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің таяуда болған отырысында Ресей билігі делегациясы жыныстық азшылық өкілдеріне қысым жасалғаны туралы ақпарат расталмағанын мәлімдеген.

Шешенстан билігі бұған дейін республикада гейлер жоғын мәлімдеп, олардың қудаланғаны жөніндегі ақпаратты терістеген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.