Қызылорда облысы, Сырдария ауданының шаруалары 2015 жылы уәде етілген ауылшаруашылығына берілетін жеңілдетілген несие ала алмай жүр. Бұл туралы Жас Алаш сайтының тілшісі хабарлайды.

«Алтынбек» шаруақожалығы басшысы Райбек АХМЕТОВ 1993 жылы 20 тамыздан бері жұмыс істеп келген шаруа қожалығын 30 қараша, 2015 жылы президент жолдауынан кейін төрт шаруа қожалыққа қосып, кооператив құрамына кірген. Бұрыңғы Ауылшаруашылық министрі Асылхан МАМЫТБЕКОВ тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдіктің араласуымен біріккен бұл кооперативке о баста «егер біріксеңдер 15 пайыздық кепілдікпен несие аласыңдар. Қалған 85 пайызын мемлекет кепілдендіреді», деп уәде берілген.

 «Сырдария ауданы ауылшаршуашылық басшысы Н.Әзірбектен «ауылдық шаруа қожалықтар 2016 жылдың 30 қаңтарына дейін бірігуі керек» деген хабарлама алдық. Содан біздер 6 шаруа қожалық Қызылорда Әділет басқармасы арқылы кооперативке бірігіп, 27 қаңтар, 2016 жылы «Атамекен Жер» атты кооператив құрдық», дейді Райбек Ахметов.

Қырымбек кәсіпкерлерге неге қырын қарайды?

Кооператив мүшелері 2016-2017 жылдан осы уақытқа дейін жағдайларын айтып, облыс әкімінен бастап аудан әкіміне дейінгі құзырлы органдарға арыз-шағым жазып, ешқандай көмек ала алмай келе жатқандарын айтады. Бірақ, арыздарын қанағаттандыру тұрмақ, дұрыс жауап та бермей қойған облыстың атқамінерлерінен көңілі қалған кәсіпкерлер тіпті, президент Н.Назарбаевтың атына да ашық хат жазған.

«Менің жағдайымды айтып, сұрап жүргенім – жеңілдетілген бағдарламаға сәйкес 18 миллион несие алып, егін егіп, мал ұстап, шаруамды дамытсам деймін. Ойлаған шаруамды дамытсам, 4-5 адамды жұмыспен қамтыр едім. Осы жағдайымды айтып, іске асыра алмағасын 04.06.2018 жылы Елбасына әлеуметтік желі арқылы өтініш жібердім. Ол өтінішімді сол мезгілде «ҚР президент әкімшілігі» қабылдап алды. Одан да ешқандай хабар, жауап жоқ», дейді Р.Ахметов.

Бір қызығы, құзырлы орындардан келген жауаптардың бәрінде нақты мәселе туралы бір ауыз сөз жоқ. Мәселен, Қызылорда облысының ауылшаруашылығы басқармасының жауабында ешқандай тиісті орындарға арнайы тапсырма жүктелмеген, мәселені қарау ұсынылмаған. Кәсіпкердің өзі де білетін «несие алудың жолдары мен заңдарын» тізіп шыққан. «Жалпы айтқанда, несиелендіру шарттарын қанағаттандыра алсаңыз белгіленген несие мөлшерін алуға қол жеткізесіз», дегенге ұқсас «ақыл» айтып, «жол» нұсқайды. Кәсіпкерлер «Егер 100 пайыздық кепілге қоятын құнды мүлкіміз болса, мемлекетке қол жайып неміз бар, кез келген банктен ала бермейміз бе?!» деп ашынып отыр.

Кооперативте жерден өзге кепілге жарайтын ештеңе жоқ, жерін қоюға талпынып көрген екен, өте арзан бағалапты, – керекті шартқа жетпеген. Дегенмен, о бастағы уәдеде айтылған 15 пайызға жетеді дейді. Шаруалар ашық хат та президентке жетпей қалған деп күмәнданады.

«Аса құрметті Елбасы! Өзіңіз аймақ басшыларына айтып, тапсырған бағдарлама бойынша үкімет тарапынан кооперативтерге берілетін жеңілдетілген несиені ала алмай жүрміз. Жерімізді игеріп, егіс егіп, мал бағуға мүмкіндігіміз бар. Бірақ, аудан әкімі Ғ.Қазантаев пен облыс әкімі Қ.Көшербаевтан қолдау таппай отырмыз», деген өтініш иесі президенттің өзі бастаған бағдарламаның «Сырдария ауданында өз дәрежесінде орындалып жатпағанын» да айтады.

Сондай-ақ, «жолдауға қолдау» дегенді желеулетіп, аймақтарға шығатын комиссия да, бірлі жарым депутаттардың да ауылдарды аралап, жағдаймен таныспайтынын, көрді ат жасап, беріден қайтатынын алға тартады. Хатта бұл туралы: «Себебі, жергілікті әкімдер алдын ала уәкілдердің қай жерге барып, кімдермен кездесетініне дейін шешіп қояды. Нағыз ауылда отырған шаруалармен оларды кездестірмейді. Ондай кездесулерге әкімдермен ауыз жаласқан сыбайластары ғана барады. Сізге шындық жасырылып, жалған ақпарат беріліп жатыр», делінген.

«Алтынбек» шаруа қожалығының басшысы Райбек Ахметовтің айтуынша, жеңілдікке еш кедергісіз қол жеткізетін де әлгі әкім-қаралармен ауыз жаласқандар. Ал, қатардағы өзге шаруалар мен кооперативтердің иелерін есіктен есікке жүгіртіп, әбден діңкелетеді. Сосын, не біткен іс жоқ, не өскен шаруашылық жоқ, басталған шаруа аяқсыз қалады.

Қырымбек кәсіпкерлерге неге қырын қарайды?

Шаруалардың пікірінше, президенттің аузын бағып үйренген министрден бастап облыс әкімдері жолдаудан кейін жіті қимылдап, 2015 жылдың 30 қарашасы мен 2016 жылдың 30 қаңтары аралығындағы екі ай уақытта жеке шаруа қожалықтарын кооперативтерге бірігуге үндеген. «Жеңілдетілген несие аласыңдар» деп уәде берген. Бірақ, бұл уәденің берілгеніне үш жылға жуық уақыт өтсе де, әлі бір тиын ақша, бір тамшы көмек ала алмай, тарап кетудің алдында тұрған шаруашылықтар аз емес.

Бір шешімі болар деп аудан әкіміне, одан әрі облыстық прокуратураға, ары асып облыс әкіміне мұңын шаққанмен министрлік ұсынған бағдарламадан қиып ала салған егіз қозыдай ұқсас жауаптар арызды қанағаттандыра алмапты. Тіпті, президент әкімшілігінің өзі де әзірге тым-тырыс.

Фото: kazpravda.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.