Мен оған өлердей ғашық болдым. Онымен танысқан соң, жібектей мінезі, оттай ыстық махаббаты жүрегімді жаулап алды. Есіл-дертім соған ауып, көрмесем тұра алмайтын күйге түстім. Уақыт мәнін жойды, жүрегімді кернеген махаббат мені қайыршыға айналдырды. Атқан таң, батқан күнмен санаспайтын, қыс пен жаздың алмасқанын парықтамас күйге түстім.

Бірақ көп өтпей ол бақиға аттанып кетті. АҺ, сол мұңлы күндердің буалдыр елесі де өшкіндеді. Есімде қалғаны тек қана нөсерлі дауыл тұрған бір кеште, оның үсті-басы малмандай су болып үйге оралғаны, төсекте жатып қатты жөтелгені, қызуы көтеріліп басылмай қойғаны, содан кейін шипагер шақырғаным, ем қабылдағаны, дәрі ішкізгенім… Одан арысын білмеймін. Ештеңені де есіме ала алмайтын болдым. Мұның бәрі де өтті, кетті. Мәңгілікке кетті.

Жұрт оның мүрдесін ағаш табытқа салды. Табыттың қақпағын шегемен қаққан дыбыс миымда тынбай қайталанып, өшер емес. Мен оның қара жер қойнына мәңгілік ұйқыға кеткеніне мүлде сене алмадым. Жерленген соң екеуміздің бірге тұрған үйіміз, достарымыз, бәрі-бәрі де көзіме оттай басылып, жүрегім қан жылады. Содан Парижден бір жола кетуге бел будым.

Мен көз жасымды көлдете жатын бөлмеден сүйретіле шығып, дәлізге орнатылған айнаның алдына келгенімде еріксіз тоқтадым. Бұл айнаны әдейі ол үшін сатып алып, осы араға орнатқан болатынмын. Ол қаншама рет осы айнаның алдында тұрып аққудай таранды десеңізші! Ал, мен оның ту сыртында тұрып, оның айнадағы сұлу сымбатына көзім тоймай қараушы ем. Бұл айнадағы оның сол бір елесі әлі тұрған жоқ па екен?! Еріксіз қолымды создым, бірақ алақаныма тиген мұздай суық ағыс жан дүниемді тоңдырып жіберді. Көз жасым моншақтап кетті. Сүйген жардан айрылудың удай ащы қасіреті жүрегімнің пәре-пәресін шығарды.

Мен есінен айрылған пендедей көшені кезіп кете бердім. Ойда жоқта жын айдағандай зиратқа келгенімді бір-ақ білдім. Мен оның тап-тақыр төмпешікке айналған қабірін, қабірдің алдында тұрғызылған ескерткішті «Ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгілік ұйқыда» деген жазуды көрдім.

Дәл осы жерге, табанымның астына көмілген. Бұған мүлде сенгім келмейді, екі алақаныммен жүзімді басып егіле жыладым. Оның сезімді қытықтайтын ақ сазандай жұмыр, толық денесі, жүрегімді жаулап алған айдай әсем жүзі, бәрі-бәрі де ағаш табытпен бірге шіріді. Ойлап осы араға келгенімде, қасіреттен қабырғам қайысып кетті. Көз жасым көл болып, тұтас денемде жан қалмағандай қабір алдында сылқ етіп отыра кеттім. Тосаттан, үрейлі бір ой мені билеп алды. Қабірдің қасында түнеуге бекіндім. Төрт төңірегімді айнала шолып, ешкім көрінбеген соң, дереу жасырына қалдым. Осылай жасырынсам ғана зират қақпасын жабарда мені ешкім де байқамай қалады. Күзетші де қуып шықпайды. Қас қарайып, қақпа жабылды. Міне, ат шаптырым зират ішінде тек мен ғана қалдым. Мұнда мен ғана тірімін.

Қап-қараңғы түн шымылдығы төңіректі жапқанда, мен жасырынған жерімнен шықтым. Әлі құрыған аяқтарымды әзерге сүйретіп, осынау өлілер мекенінде үн-түнсіз ілбіп келемін. Мен оның қабіріне қарай жүредім. Бірақ, қою қара түн торлаған бұл жерде ештеңені де анық көре алмадым.
Ештеңені елең құрлы көрмей, ескерткіштерді сипалай алға ілгерледім. Сонда да оның қабірін таба алмай келемін. Денені тоңазытар суық желемікті қараңғы түнде бейне соқыр адам сияқты жан-жағымды бей-берекет сипалап еңбектеп жүрмін. Қолыма бірде тас ескерткіш, темір немесе қоршаудың шегесі ілінсе, бірде шалғын шөп немесе әлде қашан қураған гүлдер ілінеді.

Айналам толы қабір. Қалай қарасам да қарауытқан қабір көрінеді. Өзімнің жападан-жалғыз қабірлер арасындағы тар жолда еңбектеп келе жатқанымды ойлағанда, көңілімді үрей билеп, тітіркеніп кеттім. Жан-жағыма жалтақтап, ескерткіштегі жазуларды сипалап, саусағыммен онда не жазылғанын парықтауға құлшынып келемін. Қара бояу жаққандай қою қараңғы көзімді көлегейлеп, ештеңені де көре алмаймын. Тұңғиық түнде қабірістанды тек қана қараңғылық тұмшалап тұр. Мен отыра қалып аз-кем дем алдым. «Осында несіне қалдым? – деп ойладым мен, — тірі пенделердің өлілер арасында несі бар еді?!»

Төңіректі өлі тыныштық жайлаған, тек өз жүрегімнің дүрс-дүрс соққаны ғана анық естіліп тұр. Кенет, қатты дауыс естілді де, құйрық басып отырған тасым қозғалғандай болды, ол шынымен де қозғалды, тіпті, көтеріліп келеді. Аза бойым қаза болып, отырған орынымнан ұшып тұрдым. Осы кезде, көтерілген тас тақтайшаның астындағы ақымнан етінен арылған қу сүйек түрегелді. Іле-шала, дәл қасымнан сұсты да сүркейлі дауыс естілді.

Жаңағы қу сүйек әруақ осы сүркейлі дауыспен тас ескерткішке жазылған: «Мұнда жатқан адамның аты Оливер Жакус, биыл елу бір жаста. Ол отбасын сүйетін, бауырмал, салауатты жан еді. Ол өскелең, абыройлы ғұмыр кешті» деген сөздерді оқып тұр. Кенет қатты шыңғырып жіберді де жерден тас паршасын ала салып, жаңағы жазуларды өшіріп тастады. Содан соң, біздей саусақтарымен жарқырап, нұр шашқан жазу жаза бастады: «Мұнда жатқан адам Оливер Жакус. Биыл елу бір жаста. Ол опалы ұл болмағандықтан әкесі қасіретпен көз жұмды. Дөрекі, қара ниет адам еді. Әйелі мен балаларына күн көрсетпейтін. Оның үстіне қолынан келген жамандықтың бәрін жасады, көршілерін қан-қақсатып, өсімқорлықпен қанайтын. Ақыры азапен өлді». Қу сүйек әруақ осыларды жазып болып, жазғанына масаттана қарап тұрды. Бейне бір игілікті шаруаны тындырған сыңайлы. Осы кезде тас тақтайшалар сатыр-сұтыр көтеріліп, сүйектердің шақырлай соқтығысқан үні ішінде қабірлер іркес-тіркес ашылып жатты. Қурап қалған ақсөңке сүйектер бірінен кейін бірі түрегеліп, өздерінің тірі кезіндегі жасаған тірліктерін қаз-қалпында ескерткішке жазып жатыр. Ғажап, бұлардың көбі тірі кезінде іші толған әзәзілдік, қанпезер, қызғаншақ сұмырайлар екен. Қабір тасына жазылған қамқор әке, опалы жар, қайырымды ұрпақ, пәк бойжеткен дегендердің, шындығында, түгелдей бұзақы, ұры, алдамшы, суайт жандар екеніне көз жеткіздім. Тәубе, солай екен-ау!

Ойпырм-ай, жер бетінде мұндай да ғажап болады екен-ау! Көз алдымдағы ғажайып көріністерден үрейім ұшып, дірілдеп, тыныс алуға дәрменім жетер емес. Ендеше, ол қабір тасына не жазып жатыр екен? Менің күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей аңсаған аяулы жарым не жазып жатыр екен?! Не де болса, барып өз көзіммен көруге асықтым. Соны ойлағанымда бойымды билеген үрей зым-зия ғайып болды. Мен адымдай басып, ашылып жатқан қабірлер мен жын-сайтандай елбеңдеген әруақтар арасынан кесіп өтіп, оның қабіріне жеттім. сол бір жанымды жаулап, көзімді арбаған сұлу бейне көз алдымнан тағы бір жарқ етті де сөнді. Мен еппен басып оның қасына барып, үн-түнсіз бақылап тұрмын. Ол бар ықыласымен ескерткіштегі «ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгілік ұйқыда» деген сөздерді өшіріп жатыр. Содан соң, сұқ саусағымен «бір күні, ол сүйген жарын алдап, нөсерлі жаңбырға қарамастан сыртқа шығып, әлде біреумен көңіл қосты. Содан ауыр дертке кіріптар болып, сауыға алмай өлді!» — деп жазды.

Таң сөгіле, адамдар мені қабірлер арасынан тауып алыпты. Мен сол арада жығылыппын. Жансыз мүрдем әлде қашап мұздап қалыпты.

Аударған: Шолпан Қазез

Фото: lifestyle-journal.ru

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.